Жуырда таңғы сағат сегіздер шамасында Петропавл – Мамлютка тасжолындағы Есіл өзенінің үстіне салынған көпірмен өтіп жатқан көлік жүргізушілері жантүршігерлік оқиғаның куәсі болды.
Олар көпірдің биік аспасына өрмелеп барып, суға секірмек сыңайы бар бойжеткенді байқап қалады да қалалық ішкі істер бөліміне оқиға жайлы дереу хабарлайды. Осы кезде жергілікті полиция қызметіне қарасты жолпатрульдік полициясы батальонының қызметкерлері Руслан Акматов пен Арман Имантаев кезекшілікке енді кіріскен болатын.
Дереу оқиға орнына жеткен олар сол жерде төтенше жағдай қызметкерлерін де көреді. Құтқарушылардың сақтандыруына құлақ аспаған бойжеткен төмен түсуден бас тартады.
Осы сәтте Руслан Акматов көп ойланып тұрмастан, көпірдің аспасына өрмелеп шығады да өзін маңына жақындатпаған қызды еріксіз құшақтап алып, жерге түсіреді. Оған төменде әріптесі Арман Имантаев көмектеседі.
Көпірдің ұшар басы мен айдынның арасы қырық метр екен. 26 жасар қыздың өмірден осылайша күдер үзбек ниетіне отбасындағы қайғылы жағдай түрткі болған көрінеді.
Руслан Акматовқа келсек, ол бокстан спорт шеберлігіне үміткер екен. Полиция қатарында қызмет етіп жүргеніне үш жыл болған.
Бойжеткеннің батыл жігіттің шұғыл қимылының арқасында аман қалғанына қуанған көпшілік “Өмір соншалықты арзан ба?!” деп бас шайқап тарқасты.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.