Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы терең мазмұнға ие тағы бір құнды еңбек деп есептеймін. “…Дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес”, – деген сөзі кімге болмасын үлкен ой тастайды. Заман өзгереді, қоғам дамиды. Соның жетегіне ілесе білгеннің жағдайы жаман болмайды. Өткен тарихқа, салт-санаға, әдеп-ғұрыпқа жаңаша көзқараспен қарап, ескінің қасиеттісі мен жаңаның қабілеттісін қосарлап заманның ағымына қарай ойысуымыз орынды. Елбасы айтқандай, бәсекеге қабілеттілік деген ұғым адамның тұлға ретінде бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады. ХХІ ғасырдың талаптары еліміздің ертеңгі болашағы болып табылатын ұл-қыздарымыздың бойынан табылуы тиіс. Сол үшін де мемлекет бүгінгі ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуді мақсат тұтады. Соның мазмұнды көрінісін Елбасының мақаласынан оқимыз. Мақалада бүгінгі азаматтың рухани сана-сезімінің, жауапкершілігінің, неге ынталанып, неден алшақ болу қажеттігін, қандай мақсаттар мен міндеттер көзделетіні айтылады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлттық жаңғыру деген ұғымды тереңнен толғайды. Ұлттық құндылықтардың пайдалысын санаға сіңіріп, тозығы жеткен дағдылар мен әдеттерден арылуға, яғни қазақстандықтарды екі ережені түсінуге шақырады. Біріншіден, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғырудың болмайтындығы айтылса, екіншіден, ұлттық дамуға кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажеттігін алға тартады.
Мақаланың екінші тармағында қазақстандықтардың алдына қойылатын таяудағы міндеттер тарқатылады. Бірнеше жоба жүзеге асырылмақ. Сондағы жобалардың бірі “Туған жер” бағдарламасы да талайдың көкейінде жүрген сауалдың шешімді жолы болмақ. Осы бағытты дұрыс қолға алсақ, көптеген рухани құндылықтарымызды жаңғырта аламыз деп ойлаймын. Елбасы айтқандай, өмір сүру үшін өзгере де білу керек.
Оралбай САҒЫНДЫҚОВ,
Мағжан Жұмабаев ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы.