
Достық үйінде аналар кеңесінің ұйымдастыруымен “Рухани жаңғыру берекелі шаңырақтан басталады” атты көрме өтті.
Көрменің басты мақсаты – өнегелі аналарды үлгі ету, нәзік жандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Бұл шара барысында аудандық және ауылдық аналар кеңесі жобалары, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі мен әжелер мектебінің отырысын өткізу көзделді.
Қолөнер шеберлерінің жұмыстары көрмеге қойылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жаңа серіктес тауып, тиімді әріптестік байланыс орнатуға, қолөнер шеберлерінің туындыларына сұранысты арттыруға мүмкіндік берген бұл шара жиналғандар тарапынан қолдау тапты.
– Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен ананың қоғамдағы орны ерекше. Ана – өмірдің шуағы. Айналасына ізгілік пен мейірім нұрын шашқан ардақты жандар үйдің де, түздің де шаруасын бірдей атқаруда. Еліміздегі гендерлік саясаттың арқасында әйелдер ер-азаматтармен тең құқылы өмір сүруде. Бала тәрбиесімен қатар шығармашылық өресін кеңейтіп, қолөнермен айналысып отырған аналарға мың да бір рахмет, – деді Астраханка ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сәуле Қасымова.
Айғаным АСЫҒАТОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.