«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР ҮШІН КҮРЕСЕМІЗ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 13 шілдесін Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалардың барлығы тоқтатылды. Бұл күні мен де барша қазақстандықтармен бірге коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алдым. Дәл бүгінгі күні “Әр қазақ менің жалғызым” деген қанатты сөздің құдіреті артып, майданның алғы шебінде жүрген біздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Қанша жерден тырыссақ та, арамызға кіріп, ойран сала бастаған ауруды ауыздықтау оңай болмай отыр. Алғаш рет Қытайдың Ухань қаласында тіркелген коронавирус күннен-күнге өршіп, әлем бойынша жүз мыңдаған адамның өмірін қиюда. Бұл қиын кезеңде, менің әріптестерім тәулігіне үш-төрт сағат қана тынығып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Бүгінгі күні барлық медицина қызметкерлері күнбе-күн ауруы асқынған азаматтарға жәрдем беруге, олардың дұрыс ем қабылдауына жауапты.

Үкімет вирустың жолын бөгеу үшін бірқатар шаралар қабылдап жатыр. Қазір қоғамдық көлік қатынасы шектелген. Және азаматтардың бір жерге топтасуына тыйым салынып отыр. Мемлекет басшылығы медициналық ұйымдарға және дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдауда, қосымша орындар ұйымдастырылуда, шетелдік сарапшылармен бірлесіп коронавирусты емдеу әдістері жан-жақты зерделенуде және жетілдірілуде. Жуырда ел Президенті “COVID-19” вирусына қарсы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан өзге де шараларға тоқтала отырып, мемлекеттік қызметкерлерге осы мәселеде үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап көрсетті. Расында да, індетті жеңу бұл тек медицина мамандарының ғана міндеті емес. Бұл жұмыс, біріншіден, азаматтардың өздерінен бастау алуы тиіс. Сақтық шараларын қатаң ұстанып, өз денсаулығымызға мұқият болған жағдайда ғана белгілі бір нәтижеге жететініміз анық.
Күресте алдыңғы шепте жүріп, шейіт болған әріптестерімнің, жалпы індеттен қайтыс болғандардың рухтарына тағзым етіп, олардың қамкөңіл күйде отырған ағайын-туыс, жора-жолдастарына шын ниетіммен көңіл айтамын. Барша отандастарымызға сабыр тілеймін. Бүкіл күш-жігерімізді жинап, індетпен күресейік. Біз бұл қиындықты жұмыла отырып қана жеңе алатынымызға сенімдімін.

 

Ботагөз СҮЛЕЙМЕНОВА,
бірінші қалалық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp