
Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік – маңызды мәселелердің бірі. Өнеркәсіптік қауіпсіздік дегеніміз – кәсіпорынның адам мен табиғатқа зиян тигізбеуін қадағалау, қорғау дегенді білдіреді. Соңғы жылдары кәсіпорындарда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілуде. Алайда апаттық жағдайлардың алдын алып, бұл мәселеге қажетті деңгейде назар аудармай жүргендер баршылық.
Біздің департаменттің қызметі қауіпті өндіріс орындарында еңбек ететін адамдардың қазасына және денсаулықтарының зақымдануына жол бермеуге, түрлі төтенше жайттардың алдын алуға бағытталған. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтардың тозуы, өндіріс барысында тәртіптің сақталмауы, білікті мамандардың жетіспеушілігі, қызметкерлерді даярлайтын орталықтардың болмауы, кәсіпорындардағы қаржылық тұрақсыздық тәуекел факторлары болып табылады.
“Азаматтық қорғаныс туралы” Заңда көрсетілген ережелерге сәйкес келмейтін, яғни қауіпті өнеркәсіп нысандары жетерлік. Өңір аумағындағы қауіпті нысандардың қатарына ет және сүт өнімдерін өндірумен айналысатындар, мұнай базалары мен көліктерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ететіндер, мұнай мен газ тарататын құбыр тораптары, ұн үгетін комбинаттар, элеваторлар мен астық қабылдайтын кәсіпорындар, жұмыстарында жүк көтеретін механизмдерді жиі қолданатын ұйымдарды жатқызуға болады.
Техникалық регламенттерге сәйкес аталмыш салада жұмысын жүргізетін мекемелер мен ұйымдар қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті. Сондықтан кәсіпорын басшылығы талаптарға сәйкес газ құбырларына уақтылы тексерулер жүргізуі қажет. Сонда ғана тозығы жеткен өндірістік құрал-жабдықтар мен техникалық құрылғылардың санын азайтып, жазатайым оқиғалардың алдын алуға болады.
Өндіріс барысында апаттық жағдайларды болдырмаудың бірден-бір жолы – қауіпті өндірістік нысандарға бақылауды күшейтіп, құрал-жабдықтарға тексерістер жүргізу. Атап айтқанда, кран, көтергіш, мұнара, лифт сияқты жүк көтергіш механизмдер, бу қазандықтары, қабылдағыштар, резервуарлар, цилиндрлер ерекше назарда болуы қажет. Тексерістердің нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы сараптамалық қорытынды жасалады.
Осындай шаралардың арқасында апаттар мен оқыс оқиғалардың алдын алуға болады. Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталуы – төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалардың алдын алып, жазатайым оқиғалар санын азайтудың кепілі.
Жанболат РАҚЫШЕВ,
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы.
Сурет http://ohranatruda31.ru/ сайтынан алынды.