«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНДІРІСТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК

Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік – маңызды мә­се­лелердің бірі. Өнеркәсіптік қауіпсіздік дегеніміз – кәсіп­орынның адам мен табиғатқа зиян тигізбеуін қадағалау, қор­ғау дегенді білдіреді. Соңғы жылдары кәсіпорындарда өнер­кәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілуде. Алайда апаттық жағдайлардың алдын алып, бұл мәселеге қажетті деңгейде назар аудармай жүргендер баршылық.

Біздің департаменттің қызметі қауіпті өндіріс орындарында ең­бек ететін адамдардың қазасына және денсаулықтарының зақым­дануына жол бермеуге, түрлі тө­тенше жайттардың алдын алуға ба­ғытталған. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтардың тозуы, өндіріс барысында тәртіптің сақтал­мауы, білікті мамандардың же­тіспеушілігі, қызметкерлерді даяр­лайтын орталықтардың бол­мауы, кәсіпорындардағы қаржы­лық тұрақсыздық тәуекел фак­торлары болып табылады.
“Азаматтық қорғаныс туралы” Заңда көрсетілген ере­желерге сәй­кес келмейтін, яғни қауіпті өнеркә­сіп нысанда­ры жетерлік. Өңір аумағындағы қауіпті нысандардың қатарына ет және сүт өнімдерін өндірумен ай­налысатындар, мұ­най базалары мен көліктерді жа­нар-жағармай­мен қамтамасыз ете­тіндер, мұ­най мен газ тарататын құбыр то­рап­тары, ұн үгетін комбинаттар, эле­­ваторлар мен астық қабыл­дай­тын кәсіпорындар, жұмыста­рында жүк көтеретін механизм­дер­ді жиі қолданатын ұйым­дар­ды жатқызуға болады.
Техникалық регламенттерге сәйкес аталмыш салада жұмы­сын жүргізетін мекемелер мен ұйымдар қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті. Сондықтан кә­сіпорын басшылығы талаптарға сәйкес газ құбырларына уақты­лы тексерулер жүргізуі қажет. Сон­да ғана тозығы жеткен өнді­ріс­тік құрал-жабдықтар мен тех­ни­калық құрылғылардың санын азайтып, жазатайым оқиғалар­дың алдын алуға болады.
Өндіріс барысында апаттық жағдайларды болдырмаудың бір­ден-бір жолы – қауіпті өндірістік нысандарға бақылауды күшей­тіп, құрал-жабдықтарға тексе­рістер жүргізу. Атап айтқанда, кран, көтергіш, мұнара, лифт сияқ­ты жүк көтергіш механизм­дер, бу қазандықтары, қабылда­ғыштар, резервуарлар, цилиндр­лер ерекше назарда болуы қа­жет. Тексерістердің нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы сараптамалық қорытынды жаса­лады.
Осындай шаралардың арқа­сы­нда апаттар мен оқыс оқиға­лардың алдын алуға болады. Жұ­мыс барысында қауіпсіздік ере­же­лерінің сақталуы – төтен­ше жағдайлар мен оқыс оқиға­лар­дың алдын алып, жазатайым оқи­ғалар санын азайтудың ке­пілі.

 

Жанболат РАҚЫШЕВ,
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы. 

Сурет http://ohranatruda31.ru/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp