Премьер-Министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болып, өңірдің негізгі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандарымен танысты.
Елордалық мейман алдымен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге «Петропавл электротехникалық зауытына» барды. Зауыт осыдан 4 жыл бұрын жұмысын бастап, осы уақыт ішінде 10 мың трансформатор өндірген. Биылғы жоспар – 8 мың дана. Қазіргі уақытта кәсіпорында 200 адам еңбек етуде. Кәсіпорын құрғақ трансформаторлар өндірісін игеруді жоспарлап отыр.
«Маслодел» май экстракциялау зауыты да қарқынды дамып келеді. Ол жылына 400 мың тонна майлы дақылды өңдейді. Жобаға 34 млрд. теңге инвестиция салынған, 220 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын қазақстандық нарықты күнбағыс майымен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтады.
«ЗИКСТО» зауыты жолаушылар вагондары мен платформаларын құрастыру үшін роботтандырылған технологияларды енгізуде. «Бұл мақсатта жаңа өндірістік корпус салынып жатыр. Сондай- ақ жартылай вагондар, мұнай өнімдеріне арналған цистерналар мен автокөлік тасымалдаушылар өндірісін игеру жоспарлануда», – деді өңір басшысы.
«Евразиан Милк» сүт зауыты өнім ассортиментін кеңейтіп, ірімшік, сарымай және қышқыл сүт өнімдерін шығарады. Қазіргі уақытта қоюландырылған сүт өндіруге арналған жаңа желі орнатылуда. 200-ден астам жұмыс орны құрылды.
«Қызылжар су» ЖШС су тазарту кешенінде Ермек Маржықпаевқа сумен жабдықтау саласындағы жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндалды. Бірінші көтергіш сорғы стансасының қайта жаңғыртылуы жүргізілуде. Еуропалық су астында жұмыс істей алатын жаңа агрегаттар орнатылды. Станция айналасындағы дамбаны нығайту үшін алғаш рет габиондық құрылымдар қолданылды, бұл бөгет тасқынға төтеп берді. Сондай- ақ тұрақты электрмен жабдықтау үшін жер астымен кабель төселді. Сапар барысында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, озық технологияларды енгізу және облыстың өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.