«Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында саладағы өсімге оң ықпал ететін жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Аз уақыттың ішінде жаңа экономикалық аймақ өңір дамуына қаржы тартудың орталығына айналды. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер құны 305 млрд. теңгенің жобаларын жүзеге асыруға кіріскен. Соның арқасында кәсіпорындарда 3,4 мың тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.
Осы күнге дейін аймақта 28,5 млрд. теңгенің 5 жобасы іске асып, 715 жаңа жұмыс орны ашылды. Құны 275 млрд. теңге болатын қалған 15 жоба аясында тағы 3 мың адам жұмысқа қабылданады. Мысалы, ресейлік «Бейкертон» компаниясы 37 млрд. теңгеге кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт салып, 380 жұмыс орнын ашпақ ниетте.
Ауқымды инвестициялар тек жұмыссыздық деңгейін азайтып қоймай, өндіріс әлеуетін де еселей түсері анық. Мұнда қытайлық инвестор тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін жобаны жүзеге асырса, ресейлік инвестор көтергіш-транспорттық жабдықтар мен көпір крандарын шығаратын зауыттың құрылысын жалғастыруда. «Ультрадекор» компаниясы ДСП, ЛДСП және ОСБ плиталарын шығаратын ағаш өңдеу кәсіпорнын салуды жоспарлап отыр. Бірінші кезеңде инвестиция 70 млрд. теңгені құрайды. Жоба ағаш өңдеу саласын дамытуға және өңірде жиһаз кластерін құруға негіз болмақ. Ал отандық инвестордың 11 млрд. теңгеге салынатын саңырауқұлақ фермасы мен компост зауыты жергілікті жұрттың сұранысын өтейтін болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.