«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНДІРІС БЕДЕЛІ – БІРЕГЕЙ ӨНІМ

Негізі 1928 жылы Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласында радио құрастыру шеберханасы ретінде қаланып, іргелі кәсіпорынға айналған, 1941 жылдан бері облыс орталығында қорғаныс мақсатында жұмыс істеп келген “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ның өндірісті толық конверсиядан өткізгеніне де 23 жыл болып қалды. Содан бері өндіріс орны өз саласын дамытумен айналысып келеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында, одан кейін де Кеңес Одағының Қарулы Күштеріне арнайы байланыс құралдарын, кезінде әйгілі “Медеу” магнитоласын, “Ишим” радиотартқыш қондырғысын шығарып келген зауыттың қазіргі тарихы қалпына келтіру рәсімдері қолға алынған 2003 жылдан басталады.

Кәсіпорынның бас инженері Евгений Белоусовтың айтуына қарағанда, Марат Әбілмәжінов басқаратын акционерлік қоғамның жылдық өндірістік қуаты содан бері 70 еседен астам өсіп, өнім көлемі 7 млрд. теңгеден асқан. Өндіріс орны “Қазақстан инжиниринг” Ұлттық компаниясы” АҚ құрамында жұмыс істейді, акциялары 100% үлесімен “Самұрық-Қазына” ӘАҚ” АҚ-ға тиесілі.

Соңғы жылдары “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ темір жол автоматикасына, телемеханикасына және байланысқа қажетті аспаптар мен құрылғылар, Қазақстан Республикасының энергетикасы мен мұнай кешендері үшін жабдықтар мен құралдар шығаруға мамандануда.

Зауыт құрастыру, аспаптар, механика сияқты үш негізгі цехтан тұрады. Онда өз ісінің шеберлері еңбек етеді. Араларында қылшылдаған жастар да, еңбек өтілі кемінде 40 жылды құрайтын Вера Кислая, Наталья Яковлева сынды ардагер еңбеккерлер де бар.

Кәсіпорындағы тәжірибелік-өндірістік департаментті (ТӨД) “зауыттың төртінші цехы” деп те атайтын көрінеді.

– ТӨД дегеніміз – конструкторлық бюро. Онда 100 шақты инженерлік-техникалық қызметші еңбек етеді. Олардың орташа жасы 32-де. Негізін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді үздік бітірген түлектер құрайды. Өзім де сол жоғары оқу орнын физика мамандығы бойынша аяқтағанмын. Кейін білімімді Новосібірдің СібГУТИ-інде жалғастырдым, осы “төртінші цехта” тәжірибеден өттім. Осында таңдап алған мамандығым бойынша еңбек еткеніме де 10 жылдан асып барады,– дейді Евгений Сергеевич. Бас инженердің сөзіне қарағанда, зауытта темір жол үшін аспаптар мен құрылғылардың 100-ден астам түрі шығарылады. Мысалы, локомотив қауіпсіздігінің кешенді жүйесі (“КЛУБ”) республикалық “Алтын сапа” байқауының бірінші дәрежелі дипломымен марапатталған.

– “БУШК-2М” басқару блогы, “УЗЭД-1” электр қозғалтқышының қорғаныс құрылғысы, “УС-1” өздік іске қосу құрылғысы және “ДТ-0,66” ток бергіші “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-мен жасалған шарт бойынша 2001 жылдан бері шығарылып, компанияның филиалдарына жөнелтіліп келеді. Ондай өнімдер республика бойынша біздің кәсіпорында ғана өндіріледі. Ол өнімдер өзінің техникалық мінездемелері жағынан әлемдік үздік үлгілерден кем түспейді,– дейді Евгений Белоусов.

Өндіріс орнында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша жасалып жатқан 6 түрлі ұтқыр байланыс жүйесі кешендерін де ерекше атауға болады. “КамАЗ-43114” автомобилі шассиіне орнатылған “Р-409МЦ” радиорелелі станция, “Р-140МЦ” ҚТ диапазонындағы ұтқыр радиостанция, “П-240ТМ” жаңғыртылған аппарат байланысы кешені, “Р-414” жаңғыртылған көпарналы радиорелелі станция сияқты қорғаныс мақсатындағы өнімдер де бірегейлігімен ерекшеленеді.

– Алдағы уақытта Қорғаныс министрлігінің тапсырмасы бойынша осындай ұтқыр байланыс кешендерінің тағы да жаңғыртылған үш түрін, командалық-штабтық машиналардың екі түрін игеруді жоспарлап отырмыз. Осындай өнімдер мен қызмет көрсетудің жаңа түрлерін енгізу есебінен өндіріс көлемін 2013 жылдан бері жыл сайын кемінде 12-15%-ға өсіруге қол жеткіздік. Соңғы 12 жылда зауытта еңбек етушілердің саны үш есе өсіп, 700 адамнан асты. Өткен жылы олардың орташа айлық еңбекақысы 117565 теңге болды, – дейді кәсіпорынның бас инженері.

Кәсіпорын 2011 жылдан бері “Отау ТВ” сандық теледидарына арналған “STV” құрылғысын шығарып келеді.

– Құрылғы жиынтығына Оңтүстік Кореяның, Қытайдың және Тайваньның материалдары пайдаланылады. Төрт жылдың ішінде цехымызда 500 мыңнан астам бұйым құрастырылды. Бір күнде 1100-1500 дана сондай аспап жасап шығара аламыз. Сөйтіп бүкіл Қазақстанды, Ресейдің көрші облыстарындағы қазақ отбасыларын “Отау ТВ” қондырғысымен қамтамасыз етудеміз. Бұл – сандық теледидарға көшу бағдарламасына қосып жатқан біздің үлесіміз, – дейді учаске басшысы Александр Савостин.

2010 жылдан бері зауытта өндіріс орнын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы жылдар ішінде Германиядан, Ресейден, Тайваньнан және Болгариядан 30-дан астам компьютермен басқарылатын заманауи жаңа құрал-жабдықтар сатып алынған.

Басшылардың айтуынша, зауыттықтардың жартысынан астамын жастар құрайды. Сондықтан олардың тұрмыс-тіршілігіне ерекше мән беріледі және кәсіпорындағы жас мамандар кеңесіне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қызметкерлердің біліктілігін ынталандыру мақсатында шет тілдерін білетіндер мен ЖОО-ны үздік бітіргендердің негізгі еңбекақысына қосымша төленеді.

Жас қызметкерлер мен мамандарды тұрақтандыру үшін 2011 жылы кәсіпорында бос тұрған өндіріс алаңдарын жастар жатақханасы етіп қайта жабдықтау жұмысы басталыпты. Бүгінгі күнге дейін оның 2126,7 шаршы метрі пайдалануға берілген. Соның арқасында іске қосылған 55 бөлмеде 140-тан астам жас маман тұрып жатыр.

Осындай мақсатта жүргізілген жұмыстың арқасында өндіріс орны ірі кәсіпорындар арасында “Үздік әлеуметтік жауапкершілікті серіктестік” аталымы бойынша республикалық “Парыз” байқауының дипломымен марапатталған.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp