
Облыстық Н.Погодин атындағы орыс драма театрында елімізде тұңғыш рет аталып отырған Еңбек күні кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Оған облыс аудандары еңбек ұжымдарының, қала кәсіпорындарының, жас жұмысшылардың, еңбек ардагерлерінің және қала жұртшылығының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңір еңбеккерлерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген, осы жылы алғашқы рет аталып отырған Еңбек күні мерекесімен құттықтады.
– Мемлекет басшысының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясының басты мақсаты – еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және отбасылық еңбек әулеті дәстүрін нығайту. Ел Президентінің осы бағдарламалық мақаласында қазіргі XXI ғасыр жағдайында және оның жаһандық бәсекелестік кезеңінде еңбектің бүгінгі шешуші ұлттық фактор ретінде бірінші орынға қойылуы керектігі айтылған. Сондықтан еңбек адамына деген құрмет мәселесі тегін көтеріліп отырылған жоқ, енді біз кәсіби еңбек дәстүрлерін жаңғыртып, үздіктерімізді лайықты бағалауымыз керек. Жыл сайын қалаларымыз бен ауылдарымыз көркейіп келеді, экономикамыз дамуда, әлеуметтік сала нығая түсті – осының барлығы облыс еңбеккерлерінің ортақ жетістігі, – деген өңір басшысы өз құттықтауын “Еңбек түбі – береке, береке түбі – мереке” деген қанатты сөзбен аяқтады.
Кәсіби мереке құрметіне облыс әкімінің өкімімен бір топ өндіріс озаты ұзақ жылғы және адал еңбектері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлестері, қоғамдық өмірге белсене араласқандары үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Олар: Тайынша ауданындағы “Алабота асылтұқымды мал зауыты” ЖШС-нің механизаторы Валерий Гаак, уәлихановтық еңбек ардагері Алтынай Әубәкірова, “СУ-808” ЖШС-нің автогрейдер машинисі Николай Алейников, Ақжар ауданындағы “Жарқын LTD” ЖШС-нің бригадир-механизаторы Руслан Сағынов, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Октябрь ауылының пошта тасушысы Светлана Пустакина, Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС-нің сауыншысы Гүлнәр Жәмәлиева және Шал ақын аудандық электр тарату желісінің диспетчері Василий Бакланов. Сондай-ақ, тағы бір топ еңбек озаттары өңір басшысының қолынан облыс әкімінің Алғыс хаттарын алды.
Салтанатты жиында петропавлдық еңбек ардагері Николай Куликов сөз алып, мемлекеттің еңбек адамының мәртебесін көтеретін атаулы күн белгілегеніне қуанышын білдірді. Оның, әсіресе, жастарды еңбекке баулуға мол ықпалы боларын, ал бұл бағытта облысымызда көп жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Одан кейін сөйлеген “ПАМЖ зауыты” АҚ-ның электрмонтаждау учаскесінің жетекшісі Серік Шәріпов зауытқа 2011 жылы қатардағы жұмысшы болып қабылданғанын, өткен үш жылдың ішінде ұжымдағы тәлімгер жұмысшы ағалары мен білікті инженер басшылардың энергетикалық іске баулуының арқасында зор табыстарға жетіп, шеберлігін шыңдағанын мақтанышпен жеткізді.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.