Қасиетті Қызылжар топырағы бар саналы ғұмырын елдің гүлденуіне арнаған ардақты тұлғалардан кенде емес. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, аяулы азамат Сапар Дүйсенов. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өткен салтанатты шара барысында прокуратура саласында абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер ағамыздың өнегелі өмір жолы сыр болып шертілді. Бар өмірін еңбекке, халқына арнаған Сапар Дүйсеновті 95 жылдық мерейтойымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады. Мерейтой иесіне ақ тілегін арнай келгендердің қатарында құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар болды.
“Сіздің өңіріміздегі құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесіңіз орасан. Тергеушіден бастап облыс прокурорының бірінші орынбасарына дейін көтеріліп, құқық қорғау саласының өркендеуіне сүбелі үлес қостыңыз. Жүріп өткен жолыңыз ізіңізді өкшелеп келе жатқан жас мамандарға үлгі”, – деп той иесін құттықтаған өңір басшысы ардагерге “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағының куәлігін табыс етті. Бұдан соң прокуратура органдарының ардагері Қонысбек Ыбыраев абыз ақсақалдың өмір және еңбек жолына шолу жасады.
Сапар Дүйсенов Есiл ауданының Тауағаш ауылында дүниеге келген. Алматы заң мектебiн тамамдап, еңбек жолын көлiк прокуратурасында тергеушi болып бастады. Прокуратурадағы ұзақ жылғы адал еңбегiн сөз еткен Қонысбек Балташұлы ардагердiң омырауына Қазақстан Республикасы Бас прокурорының атынан 1, 2 және 3-інші дәрежелi “Мiнсiз қызметi үшiн” медальдары тағылғанын да атап өтті. Сондай-ақ, Сапар ағамыз Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, “ҚР құрметті қызметкері” атағымен, жауынгерлік ерліктері үшін ордендермен, медальдармен марапатталған. Зайыбы Бану Қапашқызымен бірге бір қыз бен екі ұл тәрбиелеп, бүгінде немерелеріне ақылшы болып отыр. Шара барысында ардагердің өнегелі өміріне арналған фильмде де біраз деректер айтылды.
Бұл күнi ардагердi бiрге еңбек еткен достары мен әрiптестерi де құттықтады. “Сапар Дүйсеновтің бар өмірі адамгершілік пен тектіліктің, кісіліктің үлгісі ретінде еліне шексіз қызмет етуге арналды. Еліміздің, өңіріміздің байлығы – осындай азаматтарымыз аман болсын”, – деген Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев пен Ескендір Елеусізов мерейтой иесінің адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етті. Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің атынан Сапар ағаға “Облыстың құрметті ардагері” төсбелгісі табыс етілді.
Салтанатты шара барысында театрдың шығармашылық ұжымы Сапар ағамызға арнап әннен шашу шашты.
* * *
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де Ұлы Отан соғысының және прокуратура органдарының ардагері, облысымыздың құрметті азаматы Сапар Дүйсеновтің 95 жасқа толуына орай “Өнегелі өмір, өрелі іс” атты “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Айтулы шараға мерейтой иесінің замандастары мен әріптестері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Шара барысында абыз ақсақалдың ғасырға жуық өмір жолында небір қиын кезеңдерді бастан өткергені айтылды. Небары 16 жасында зұлмат соғысқа аттанып, елдің тыныштығы, жердің амандығы үшін қан майданда күресті. Асыл азаматтың нағыз қанкешті Сталинград майданында соғысқанын жұртшылық біле бермейді. Көрме сөрелеріне қойылған кітаптарда оның майдан даласындағы ерлік істері, кейін бейбіт заманда 30 жылдан астам уақыт бойы прокуратура саласында абыройлы қызмет еткені туралы айтылған.
Үлкен жүректі, көпшілікке сыйлы ақсақал жайында сүбелі ой білдірген облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, ардагерлер Сәкен Оразалин, Дмитрий Фалеев Сапар Дүйсенұлының өнегелі өмірі мен өрелі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етті. “Ақыл-парасаты, мінезі мен кәсіби шеберлігі жоғары, айналасына үнемі шарапатын төгіп жүретін адамдар қашан да құрметке ие. Сапар Дүйсенов өзінің сүйікті қызметімен қоштасып, құрметті демалысқа шықса да, бүгінде оның ақыл-өсиетін алуға ықылас танытатындар қатары қалың. Ардагеріміздің адамгершілік түр-тұлғасы – баршамыз үшін үлгі”, – деді Руслан Әлішев.
Біздің басты парызымыз – ата-баба ерлігін ұрпаққа үлгі етіп, олардың жарқын істерін жас буынды отансүйгіштік сарында тәрбиелеуде пайдалану керек дескен қауымның пікірін қоғам қайраткері, жазушы, облысымыздың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов те қолдады. “Сапар ағамыздың 95 жылдық мерейтойы бұл – бір әулеттің ғана емес, бүкіл өңіріміздің қуанышы. Өйткені ол – “елім, жерім, халқым” деп, өмірін ұлы мақсаттарға арнаған азамат. Қазіргідей ғаламдастыру заманында ұлттық қасиеттерімізден айырылып қалмай, қазақилығымызды сақтау үшін Сапар ағамыз сияқты азаматтардың ғибратты ғұмыры, жүріп өткен жолы, халқына сіңірген еңбегі болашақ иесі – жастарға насихатталуы тиіс” – деді Жарасбай Қабдоллаұлы. Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов пен прокуратура органдарының ардагері Қонысбек Ыбыраев өңіріміздің гүлденуіне бар білім-білігімен, қажыр-қайратымен атсалысып келе жатқан мерейтой иесінің өнегелі өмір жолын жиналған қауымға үлгі етті.
* * *
Сапар Дүйсеновтің мерейтойына арналған іс-шара Қызылжар ауданының орталығындағы “Құлагер” ипподромында жалғасты.
Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев мерейтой иесіне өңір басшысының құттықтауын жеткізсе, облыс прокурорының орынбасары Айман Әбдірова ардагердің өнегелі өмірін тілге тиек етіп, жылы лебізін арнады. Ал Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдоллаев абыз ақсақалды мерейтойымен құттықтап, ұзақ ғұмыр тіледі.
Қазақ үшін бәйгенің орны қашан да бөлек. Бұған жауған жаңбыр да кедергі бола алмағанын атап айтқан жөн. Делебені қоздыратын дүбірлі доданың шымылдығын жорға жарысы ашты. Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер 6 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Олардың кейбірі жүрісінен жаңылысып, жарыс жолынан шығып қалды. Нәтижесінде Мамлют ауданының жорғасы мәреге бірінші келді. Алты жасар “Ворон” есімді жорғаны тізгіндеген шабандоз Артем Чибисовты өңір жұртшылығы жақсы біледі. “Неаполь” атты жорғаның тізгінін ұстаған аққайыңдық Алена Докучаева мәреге екінші болып жетті. Ал Есіл ауданының намысын қорғаған Мария Патошкина “Айвенго” тұлпарымен үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сәйкесінше, 200, 150 және 80 мың теңге көлемінде жүлде берілді.
Ат жарысының ең айшықты сәті – аламан бәйге болды.Тұлпарлар 12 шақырымдық қашықтыққа шапты. Екі-үш айналымнан кейін аттардың аралары алшақтай бастаса, ал соңғы айналымдарда шын сәйгүліктер алға суырылып шыға бастады. Сөйтіп, аламанның жүлделі жүйріктері де анықталды. Бұл жарыста “Варпед” атты күреңнің иесі Влад Ненашевке бас жүлде бұйырды. Қанат Райымбек екінші болса, Рахат Садбеков үшінші орынға табан тіреді.
Қазақтың тойы күрессіз өтуші ме еді?! Арнайы дайындалған алаңқайда оннан астам балуан кіл мықтыны анықтады. Сайыс ережесіне сәйкес балуандар өгіз және түйе балуан салмақ дәрежесінде сынға түсті. Түйе балуандар арасында Жамбыл ауданының өкілі Дәурен Есләмов қарсыластарына дес бермеді. Оның жерлесі Дәурен Нұрғожин екінші орынға ие болса, қызылжарлық Айдын Серікбай үшінші орынды қанағат тұтты. Өгіз балуандар сынында жауырыны жерге тимеген Батырхан Қайырбек жеңістің биік тұғырына көтерілді. Ал Мерей Абдрасулов пен Мейірбек Рахымов екінші және үшінші орындарға жайғасты. Ұйымдастырушылар тарапынан балуандарға 50, 30 және 15 мың теңгенің сыйақысы табысталды.
Атшабарды дүбірге бөлеген спартакиада ғибраты мол, қазыналы ақсақалдың құрметіне арналған концерттік бағдарламамен аяқталды. Ән мен биден шашу шашқан солтүстікқазақстандық өнерпаздар шараның ажарын одан сайын аша түсті.
Гүлбике КУБЕНОВА, Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.