Биылғы жылы мемлекетіміздің мәртебелі белесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында қол жеткізген жетістіктерді таразылай отыра, отбасылық дәстүрді насихаттау жолындағы игі шаралардың орны бөлек екенін ерекше атап өткен жөн.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ұйымдастырылған “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсы аз уақыттың ішінде халықтың көңілінен шығып, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін асыға тосатын сүйікті сайысқа айналды. Жыл сайын қатысушылардың саны арта түскен байқаудың басты мақсаты – отбасы институтын нығайту. Өнегелі отбасы қоғамның құнды қазынасы. Олардың қатары қалыңдай түскен сайын мемлекеттің іргетасы бекіп, келешегіміз кемелдене түседі.
Үлгілі ұрпақ өсіріп, қалың қауымның қошемет, құрметіне бөленіп отырған мерейлі отбасылардың бірі – Сағындықовтар әулеті.
Жамбыл ауданына қарасты Озерный ауылында тұратын Алпысбай Сағындықұлы мен Маржан Тұртайқызы жарты ғасырға жуық уақыт бір шаңырақ астында тұрады. Сегіз баланы дүниеге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ержеткізген ардақты ата-ана бүгінде ұрпағының қызығы мен қуанышына бөленіп, тәуелсіз елдің ұландарын тәрбиелеп отыр.
Алпысбайдың әкесі Сағындық ұста болған. Анасы Ұлбала ұл-қыздарының қызығын да көре алмай, жарық дүниемен ерте қоштасқан. Қатал тағдыр маңдайға жазған соң, не амал? Анасының “айналайын, құлындарым менің…” деп мейірлене иіскеген қуанышты сәттерін сағына еске алған төрт бірдей бала енесін іздеген құлындай, інгенінен айрылған ботадай боздап қала береді.
Қазақ қашанда жетімін жылатпаған халық емес пе?! Сол уақытта анасыз, панасыз қалған балаларды ағасы мен жеңгесі бауырларына басады. Жеңгесі Шәкия ана орнына ана болып, балғындарды туғанындай бағып-қағып тәрбиелейді.
Осындай қамқорлықтың арқасында қатарынан қалмай, қанаты қатайған бауырлардың бірі Алпысбай Сағындықұлы – еңбекпен шыңдалған жан.
– Қолдан келгенше жұмыс істеу керек. Қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Еңбек етемін деп талпынған адам үшін бүгінгі таңда мемлекетіміз барлық жағдайды жасап отыр. Жастарға жол ашық. Оқуға да, өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетуге де қолдау бар. Тек ниет керек, – дейді отағасы.
Балаларын жақсылыққа жетелеп, оларды ұйымшыл болып, өзара тату-тәтті тұруға үйретіп, ақылмен жүректеріне жол таба білген отағасының бар тілегі – ел амандығы.
Шаңырағының берекесін келтіріп, сүттей ұйытып отырған асыл жар, аяулы ана Маржан Тұртайқызы – ерін сыйлап, өзін одан қашанда бір саты төмен қоя білген қарапайым мінезді қазақ әйелі.
– Мен келін-балаларға “үйге келген қонаққа қабақ шытпаңдар, жақсылап күтіңдер. Әрдайым жадырап жүріңдер. Қолдарыңнан келгенше қамқорлық жасаңдар”, деп бар ақылымды айтып отырамын, – дейді қария.
Келін болып ақ босағаны аттаған кезден бастап, үй жұмысын, бала тәрбиесін ұршықтай үйіріп, отағасының да жағдайын жасай білген қарияның бүгінгі келіндерге айтары мол. Құдай қосқан қосағымен 50 жылға жақын бірге тұрған асыл әже отбасылық өмірдегі сыйластықтың сырымен бөлісті.
– Ері жұмыстан шаршап келгенде әйелі шайын құйып, тамағын пісіріп, тосып отырса, жарасып тұрмай ма? Сыйластықтың бірінші баспалдағы осындай ұсақ болса да, маңызды дүниелерден бастау алады. Жарасымды жұп бір-біріне қамқорлықпен қарап, айтқан сөздерімен ғана емес, өнегелі істерімен де балаларына үлгі көрсете алса, отбасының тамыры тереңдей түседі, – дейді қазыналы қария.
Мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, болашағына үлкен үмітпен қараған осындай көпбалалы отбасыларды көргенде, жүрек жылылыққа толып, кеудеңді ерекше мақтаныш сезім кернейді. Ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, айналасына мейірімнен шуақ шашқан жарасымды жандардан жастарымыз өнеге алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жұлдыз БОТАНОВА.
Жамбыл ауданы,
Пресновка ауылы.