«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өнегелі құндылықтар дәріптелді

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1994 жылдан бері Халықаралық отбасы күні дәстүрлі түрде аталып келеді. Бұл мейрам Қазақстанға 2009 жылы енгізілді. Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 2013 жылы Отбасы күні кәсіптік мерекелердің қатарына жатқызылды.

   «Отан от басы, ошақ қасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп текке айтылмаса керек. Шаттығы шалқыған шаңырақты «кішігірім мемлекетке» ұқсатып жататынымыз да сондықтан. Жас буын отбасыда жақсы тәлім-тәрбие алса, еліміздің берік қорғаны, ары мен абыройы, аға ұрпақ дәстүрлеріне адал болары даусыз. Қазақстан Үкіметі отбасы, оның әрбір мүшесін қорғауға алып, тиісті әлеуметтік қамқорлықтар жасап келеді.
С. Мұқанов атындағы ғылыми-көпшілік кітапханада «Қазақстан халқының отбасылық дәстүрлері» деген тақырыпта өткен мәдени шара отбасы күні мерекесіне арналып, өнегелі құндықтар барынша үлгі етілді.
Облыстық «Аналар кеңесі» ұйымының төрайымы, әл- Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смаилова қазақ халқының бала тәрбиелеудегі тәжірибесінен тылсым сыр шертсе, «Коперник» поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары Валентина Корнева, түрік этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Диляра Хасанова отбасылық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар төңірегінде әңгіме өрбітті. «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық ұйымының белсенді өкілі Зулейха Бикметова адам бойындағы адамгершілік қасиеттер, биік азаматтыз болмыс пен мінез отбасыда қалыптасатынын өз сөзіне арқау етті.
Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени ұйымдардың өкілдері Қазақстан халқының отбасылық дәстүрлері туралы баяндайтын кітап көрмесін тамашалады.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp