
Өнегелі әулеттерді жастар арасында насихаттау, қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайту – қазіргі заманның ең басты міндеттерінің бірі. Өйткені, мемлекеттің ұйытқысы да, алтын арқауы да – отбасы. Әрбір жас шаңырақтың діңі мықты болса, елдің де еңсесі биік тұрмақ. Өңірімізде өзгелерге үлгі-өнеге ретінде көрсететін әулеттер аз емес. Солардың бірі – Тимирязев ауданында тұратын Ескендіровтер отбасы.
Көпбалалы отбасыны аудан тұрғындары бақытты әулет, берекелі шаңырақ ретінде таниды. Ерлі-зайыпты Зият Жансерікұлы мен Ботагөз Фазылқызының қаладағы жанға жайлы тұрмысты ауылдың тынымсыз тіршілігіне айырбастағанына, міне, 20 жылдың жүзі болыпты. Он бала тәрбиелеп-өсірген бақытты жұп бүгінде ауылдастарының арасында үлгілі ата-ана, ұлағаты мол ата-әже болып отыр.
Зият Жансерікұлы мен Ботагөз Фазылқызы ұзақ жылдар бойы білім беру саласында тынымсыз еңбек етіп, абырой биігінен көріне білді. Екеуінің педагогика саласындағы ортақ еңбек өтілі 75 жыл. Осы аралықта тәлімгерлер алдынан талай бала қияға қанат қағып, үлкен өмірде өз жолдарын тапты. Солардың бірі ретінде мен де ұлағатты ұстаздардан білім нәрінен сусындап, тәлім-тәрбие алғанымды мақтан етемін. Зият Жансерікұлы барлық шәкірттерін жақсы білім алуға шақырса, Ботагөз апай бәрімізді тәртіпті болуға үндейтін. Олар әр кез сабырлы, байсалды көрінетін. Қабақ шытып, дауыс көтергенін көрмеппіз. Асыл жандар бұл қасиеттерін балалары мен немерелерінің де бойына сіңіре білді. Олар бүгінде айналасына жақсы тәлім-тәрбиесімен танылуда.
Отағасының тың, сергек көрінуі Құдай қосқан қосағының қамқорлығының арқасында болса керек. “Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ” демекші, бүгінде Зият ағамыз өткен өміріне тәубе етіп, зайыбына тәрбиелі ұл-қыз сыйлағаны үшін алғыс айтудан талмайды. Шаңырақтағы көп нәрсе, әсіресе, әйел затының ішкі жан дүниесінің байлығынан нәр алып, жақсы адами қарым-қатынасқа ұласатыны даусыз. Ботагөз апамыз үйдің сәнін ғана емес, ағайын-туыс, жақын таныс – бәрінің көңілінен шығуды көздеген пейілі кең, қолы ашық, жөн-жосықты жақсы білетін, ақылды жан. Өзінікінен бұрын, ерінің туысқандарына ерекше ықылас көрсетіп жүруі де – бойындағы көрегендіктің белгісі. Бүгінде өз еңбектерінің жемісін, балаларының қызығын көріп отырған отбасыға әркім қызыға қарайды.
Оксана СЕЙСЕНБАЕВА.
СУРЕТТЕ: Ескендіровтер әулеті.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.