«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕЛІ ӨМІРІ – ЖАС БУЫНҒА ҮЛГІ

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Өмір өткелдері” кітабы жарық көрді. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі – өзгеше, өнегелі өмір. Кітапта журна­лист Сауытбек Абдрахмановқа өзінің өмірі жайында әңгімелей отырып, Нұрсұлтан Назарбаев заман, қоғам, адам туралы терең толғанады. Елбасының сұхбат кітабын ой көзімен оқыған адам ғибратты ғұмырдан көп тағылым алатыны талассыз. Осы орайда кітапты оқыған бірқатар азаматтар өз ойларын білдірді.

– “Кітабыңызда жедел түрде бетоншы мамандығын игеруге, іргетасқа бетон қабылдауды үйренуге тура келгенін жазған едіңіз.  

– Несі бар? Ол да бір мамандық. Күндіз-түні ауы­сыммен жұмыс істеу, бетонды ыстық күйінде қабылдау оңай шаруа емес. Бір айдай ғана бетоншы болып жұмыс істедім, қолыма жұғып қалған ештеңесі жоқ. Домна құрылысы аяқталысымен болат қорытушы болып штатқа қабылдандым. Соның артынша, яғни 1960 жылғы 3 шіл­деде Қарағанды металлургия комбинаты салтанатты жағдайда ашылды. Сол күні тұңғыш қазақстандық шойын құйылды. Бұл – тарихи оқиға”.

Бұл Елбасының “Өмір өткелдері” атты кезекті туындысынан алған үзінді. Өзім де Президентіміз сияқты зауыттарда ауыр жұмыс істеп, шыныққан едім. Бір заманның өкілдері болған соң еңбек жолымыз ұқсастау. Әрі осындай еңбек жолдарын айтқан кезде өзімнің жалын атқан жастық шағым көз алдыма келеді. Сол себепті Мемлекет басшысының осыған дейін шыққан кітаптарын да қызығушылықпен оқып едім. Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын мен ғана емес, әлем халқы да оқып жатыр ғой. Сонымен қатар, әлемнің үлкен қайраткерлері Нұрсұлтан Әбішұлы туралы кітап жазуда.

Ал “Өмір өткелдері” деп аталатын жаңа кітап ерекше екен. Сыр-сұхбатқа құралған бұл туындыда Елбасының балалық шағынан Ұлы даланың данасына айналған кезеңіне дейінгі өмірі түгел қамтылған. Бұл кітапты оқып шыққаннан кейін онда адами әдемі әңгіме өрбігенін түсіндім. Семей полигонын жабу кезеңіндегі еңсерген қиындықтары, егемендіктің елең-алаңындағы алдан шыққан проблемалар, шекараны шегендеу кезіндегі мәселелер сияқты аса күрделі де күрмеулі жайлар жан-жақты қозғалыпты. Оқып отырып, “Елбасы мықты әрі сұңғыла саясаткер болмаса, біздің мемлекет ретінде қалыптасуымыз неғайбіл екен” деген ой түйдім.

Жолдас ЛҰҚПАНОВ,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp