Жақында “Батамен ер көгереді” деген еңбекке көзім түсіп, авторы Рахмет Жұсып ағамыз екенін білген соң іштей риза болғанымды жасырғым келмейді.
Қазіргі Есіл ауданының Қараағаш ауылында 1932 жылы дүниеге келген Рахмет ағаймен Петропавлдағы дарынды балаларға арналған Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық гимназия-интернатта қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп жүрген кезі – 1987 жылдан бері таныспын. “Құрмет Белгісі” орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Р. Жұсыпов – туған тіліміздің жанашыры әрі “Солтүстік Қазақстан” газетінің белсенді тілшілерінің бірі. Ағамыз туған тіліміздің мәртебесін қорғау жолында жасының ұлғайғанына қарамастан, “Соны қайтемін!” деместен, көп еңбек сіңірді. “Қазақ тілі” қоғамы облыстық ұйымының бюро мүшесі болып, Қызылжар ауданындағы өзі тұратын қазағынан орыстілді тұрғындары әлдеқайда басым Соколовка ауылында ана тіліміздің тасын өрге домалатуға зейнет жасында болса да, аянбай тер төкті.
Қартайса да қолынан қаламы түсіп көрмегенін осы кітабы айғақтайды. Кітабының алғысөзінде өз өмірінен мәнді мағлұмат бере келіп, Рахаң алғашқы тарауында атасының аты білінбей, өзінің аты шыққан тұғырлы тұлғаларды айтып, олардың тәмсілдерін, ғақлияларын алға тартады. Расында да, біз Абайды айтсақ, әкесі Құнанбайды алға тарта бермейміз ғой. Абылай десек, оның әкесі Көркем Уәлиді қосарламаймыз. Сондай-ақ, қазақ жұрты Кенесарыны айтқанда әкесі Қасымды атамай-ақ соңғы ханымызды біледі.
Осылардың ішінде Рахаң өңіріміз түгіл, елімізге аты шыққан айтыскер ақын Молдахметті бесінші сыныпта көріп, атасы Жұсыптың сұрауымен оның өз аузынан тыңдап, қағазға түсіріп алған “Сәулеш” деген ұзақ өлеңін 45 жыл бойы сақтап келе жатқанын жазыпты. Рахаңдай кәрілеріміз болмаса, аспандағы аққумен үнін қосқандай саңлақ әнші Молдекеңнің көзін көрмедік қой. Осы ретте Рахаң әншінің Біржан салдың “Жан-ботасын”, “Көкшетауын”, Үкілі Ыбырайдың “Гәккуін”, Ақан серінің әндерін тамылжыта орындағанын, үні әлі күнге ұмытылмағанын жақсы баяндайды.
Енді бір әңгімесі тіпті тартымды. Ол 1944 жылы атасы Жұсыппен бірге Қызылжарда қазақтың ұлы балуаны Қажымұқанды көруі туралы. Он екі жасар Рахаң ауылында атасы сияқты қарттардың Қызылжарға келгенін айтып, оны көруге арнайы жол тартқан сапары жайында баяндайды. Қызылжардан 60 шақырым жердегі ауылынан келіп, қаланың циркінде Қажымұқан көрсеткен айтса нанғысыз күш-қуат амалдарын, соның ішінде екі “Универсал” тракторының ортасында тұрып, шынжырмен тартып, оларды орындарынан қозғалтпай қойғанын жазған. Шындық! Өйткені, Қажымұқанның мұндай ерліктерін оны 1932 жылы көрген өзімнің анам Мәдина Қостангелдіқызынан мен де естіген едім.
Алып күш иесінің атақты Балуан Шолақпен кездескенін Қызылжардың ауқатты қазағы, атасы Жұсыптың досы балуанға қонақасын берген Серәлі қарттың үйіндегі әңгімеден білгенін еске салады.
Кітаптың “Ұстаздың көрсеткіші” деген бөлімінен ағаның таңдап алған ғұмырлық мамандығына адалдығы танылады. Іс-тәжірибесі айтарлықтай. Кейінгі ұстаздар буынына жақсы ұлағат.
Осылардың арасында кітапта жас ұрпақ түгіл, жасамыстардың өзін толғандыратын жан сұлулығы, инабат, әдептілік, сәлемдесу жайындағы ой-толғамдары тартымды.
Айтулы ұстаз, абыройлы азамат туралы онымен жақсы таныс, өзі де өмірінің біраз жылдарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен шәкірттер баулыған, әрі бүгінде өңірімізге белгілі қаламгер-ақын, тілші, “Солтүстік Қазақстан” газетіндегі әріптесім Нұрсайын Шәріп жазған мақалада Рахаңның өмірі мен өнегесі жақсы баяндалған.
Түйіндей келгенде, қарт ұстаздың ұлағатқа толы еңбегі көңілімізден шыққанын айту парызым деп білемін.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.