«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Қазақта “Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін”, деген аталы сөз бар. Амантай және Амандық Жантеміровтердің ағалары Амангелді Мырзахметұлы жайлы жазған кітабын парақтап отырып, бір шаңырақтың азаматтарының өзара сыйластығына сүйсіндік. Облысымызға белгілі қаламгер Амандық Жантеміровтің бұған дейін де бірнеше кітабы жарыққа шыққан болатын. Ал “Доктор от бога” деген жаңа кітаптың жөні бөлек екен.

Қостанай облысындағы Рудный қаласында ғұмыр кешіп, небәрі 54 жасында өмірден озған Амангелді Мырзахметұлының атына көше берілуі біраз жайды аңғартса керек. Ағаларының есімі әрі еңбегі ұмыт қалмауы үшін інілері табандарын тоздырды десек, қателеспейтін шығармыз. Жергілікті билік пен тұрғындар Амангелді Жантеміровке аурухана орналасқан жерден көше беруді құптағанымен, қажетті құжаттарды жинап, ономастика комиссиясына өткізудің өзі қыруар еңбекті қажет етеді. Бұл орайда Амантай Жантеміровтің еңбегі зор.

Қысқа өмір жолында ақ халатты аяулы жан сырқатына дауа іздеген қаншама адамға қол ұшын беріп, емделуіне көмек көрсеткеніне кітаптағы хаттар дәлел бола алады. Ол жайлы бас-аяғы 50-ден астам мақалалар топтастырылған жаңа кітапта ұлтын сүйген әрі өз ісінің майталманы болған азаматтың жастар үлгі тұтарлық адамгершілік қырлары жан-жақты суреттелген. Отбасылық мұрағаттан алынған фотосуреттер, естеліктер де кейіпкердің өткен күндерінен сыр шертеді. Оқырманға жол тартқан туындыда бала күнінен дәрігер болуды армандаған Амангелді Мырзахметұлының Ауғанстандағы соғысқа өзі сұранып, қан майданға аттанғанда: “Соғысқа сұранып кеткенім үшін мені сөге көрмеңдер. Қыршын жастардың мерт болып жатқаны қиналтты мені, қолымнан келгенше көмек жасауды ұйғардым”, – деп жазған хаттары да көзге оттай басылады. Оның қаншама жауынгерге шатыр астындағы жылжымалы госпитальда ота жасап, аман алып қалғаны ерлік емес пе?! Амангелді Жантеміровтің өмірі мен еңбегі оқырмандар үшін ғана емес, жас дәрігерлерге де өнеге бола алады. Сондықтан бұл туындының көтерер жүгі салмақты.

Иә, Тәңірдің берген дарынының арқасында Амангелді Мырзахметұлы көпшілікке сыйлы болды. Отандық медицинаның дамуына өзіндік үлес қосқан ол Жамбыл ауданындағы Ақбалық ауылының тумасы. Сондықтан өмірде ізгі із қалдырған жерлесіміздің есімі біз үшін де мақтаныш.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp