«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Аға буын өкілдері, әсіресе, еліміздің заңгерлері ерекше жарқын мінезді, жаны жомарт, кімге болсын ақыл-кеңес беруге дайын тұратын Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген заңгері Нурания Әділшинаны құрмет тұтады. Нәзік, биязы, әрқашан ширақ, ерік-жігері мол Нурания Гирейқызы сот төрелігі қызметкерлері мен заңгер әріптестері арасында беделге ие. Оның бойынан кез келген қиын жағдайдан шығудың дұрыс жолын таба білетін, әркімге беріле бермейтін қасиетті табасыз.

Нурания Гирейқызы – заңгерлікпен қатар саясатта, халықаралық қатынаста, экономикада, поэзияда, әсіресе, шығыстың ұлы ақындары Омар Хаям, Саади, Хафиз, Фирдоуси, Рудаки, Низами, Насими, Джами, Дехлеви шығармашылығында өзінің білімділігін көрсетіп, әр сала бойынша ой-өрісінің кеңдігімен адамды тез баурап алатын ерекше жан. Оның үйіндегі кітапханасында тізілген әр-түрлі тақырыптағы бірнеше мыңдаған кітап оның білімқұмарлығынан хабар береді. Нурания Гирейқызының табанды мінезінен әділдік пен данагөйлікті ерекше бөліп айтуға болады. Ол жұмысында, әріптестерімен қарым-қатынаста әділетсіздікке жол бермейтін, өте таза, әділ заңгер болды. Қазірдің өзінде тәуелсіз мемлекетіміздің жас заңгерлеріне кеңестерімен әрқашан көмек көрсетіп отырады.

“Тату үйдің тамағы тәтті” дегендей, Нурания Әділшина үшін отбасы бәрінен биік. “Мен үшін отбасы – әрқашан бірінші орында, жұмыс екінші кезекте тұрады. Меніңше, мықты да жайлы отбасы – мемлекетіміздің негізі, өйткені, бақытты, берік отбасы – бұл қуатты, құдіретті мемлекет”, – деген заңгер жастардың бойынан мақсаткерлік, еңбекқорлық, шыдамдылық сияқты қасиеттерді көргісі келетінін айтып, оларды тәуелсіз еліміздің жасампаздығы үшін белсенді жұмыс істеуге шақырады.

Нурания Әділшина 1922 жылы 16 наурыз күні Петропавл қаласында туған. Алматы қаласындағы заң институтын бітірген. Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен 1944 жылы мемлекеттік төреші қызметіне тағайындалды. Тура он жылдан кейін Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы мемлекеттік төреліктің бас төрешесінің орынбасары болды. Сол қызметтен 1982 жылы зейнет демалысына шықты.

Мемлекеттік төрелік қызметке 38 жылын арнаған КСР-нің еңбек сіңірген заңгері Нурания Гирейқызы “1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін”, “КСРО мемлекеттік төрелік органдарына 60 жыл” медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен, тағы басқа бірқатар наградалармен марапатталған.

Белгілі мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми Нурания Әділшинаны мерейтойымен арнайы құттықтады. Ол мерейтой иесіне: “Сіз Қазақстанның сот жүйесін құруда оның бастауында болып, судьялардың бірнеше буынын даярладыңыз. Біз сіз бастаған істі жалғастырушылар ғанамыз”, – деді.

Нурания Әділшина жұбайы, Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевпен бірге 72 жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешуде. Үш бала, алты немере, он бір шөбере сүйіп отырған әулет 2015 жылы Алматы қаласында өткен “Мерейлі отбасы” байқауында жеңімпаз атанды. Балаларының үшеуі де ғылым кандидаттары. Тұңғыш ұлдары Рүстем Сұлтанұлы Мәскеуде үшжылдық дипломатиялық академияны бітіріп, Румыниядағы КСРО елшілігінде бірінші хатшы болды. Содан кейін Алматы облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті және Президент аппараты секторы, интеграциялық комитет басшысының орынбасары қызметтерін атқарса, соңғы тоғыз жыл Еуразия экономикалық қауымдастығы жанында тұрақты өкіл болды.

Әкесінің жұлдызы болған Райхан Сұлтанқызы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін бітіріп, Мәскеуде диссертациясын қорғады. Биология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті әдістемелік кабинетінің жетекшісі қызметін атқарды. Өкінішке қарай, 2010 жылы Райхан Сұлтанқызы өмірден өтті.

Ринат Сұлтанұлы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, кандидаттық диссертациясын Ташкент қаласында қорғады. Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті жоғары мектебінде кафедра басшысының орынбасары, болды, Қазақстан Республикасы Қорғаныс өндірісі комитетін басқарды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтен өз еркімен кетіп, кәсіпкерлікпен айналысады.

Нурания Әділшина мен Сұлтан Жиенбаев Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы лауазымында Қазақстанды басқарған, Кеңес Одағы коммунистік партиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың отбасымен көрші тұрып, етене араласып, мерекелерді бірге қарсы алған. 25 жыл бойы қызметте де, өмірде де жұптары жазылмай бірге болғандары жөнінде Сұлтан Сүлейменұлы 2005 жылы “Ширек ғасыр күн сайын бірге” атты кітап жазып, өзінің 85 жылдық салтанатына қатысушыларға сыйлады. “Дінмұхамед Ахметұлы кез келген адаммен оның атақ-даңқына қарамай, сыйластық танытып, тіл табыса білетін өте кішіпейіл, адамдармен қарымқатынаста қарапайым жан еді”, – деп еске алады ол.

Өткен жылы 22 шілдеде Сұлтан Жиенбаев 95 жасқа толғанда барлық Алматы жұртшылығы жиналды. Олардың арасында 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының ардагерлері, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Дінмұхамед Қонаевтың қызметтестері, туған-туыстары болды. Салтанатты шараны қала әкімі Бауыржан Байбек басқарды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сұлтан Жиенбаевты мерейтойымен құттықтап жолдаған жеделхатында оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларын жетілдіруге, адамдардың әл-ауқатының көтерілуіне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. “Республикамыздың мемлекеттік басқару органдарында атқарған көпжылдық риясыз еңбегіңіздің арқасында сіз қоғамның құрметіне бөлендіңіз”, – деген Елбасы мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

2017 жылғы 16 наурызда Нурания Әділшина да 95 жасқа толады. Осындай өмірлері өнеге отбасы туралы қанша айтсақ та көптік етпейді.

Дастан НАЗАРОВ,

тарихшы.

СУРЕТТЕ: Нурания Әділшина жұбайы Сұлтан Жиенбаевпен.

Алматы қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp