«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕ – ӨЗІМІЗДЕН

Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясында қазақ тілі – біздің мемлекеттік тіліміз, оның қоғамымызда өркендеп келе жатқаны, 2025 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететіні жайында атап айтылғанын білеміз. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы нұсқауын басшылыққа ала отырып, оны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді бағыттау алдағы уақыттың еншісі деп пайымдаймыз. Осы мақсатпен “2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту және қолдану бағдарламасын” жүзеге асыру барысында біздің Шал ақын аудандық мәслихатының аппаратында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша бірталай жұмыс атқарылуда. Сессиялар мен тұрақты комиссиялар отырыстарында мемлекеттік тілдің қолданылуы туралы мәселе қарастырылады. Міне, жақында ғана 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Городецкий ауылдық округі аумағында, сондай-ақ, аудандық ішкі істер және білім беру бөлімдерінде осы құжат талаптарының орындалу барысы қаралды.

Құрамына аудандық мәслихат депутаты, аппарат мамандары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы енген жұмыс тобы аталмыш ұйымдарда тексеріс жүргізіп, құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуін, қазақ тілін оқыту сабақтарының ұйымдастырылуын бақылады. Жалпы айтатын болсақ, аталмыш мекемелердегі іс жүргізу деңгейі жоғары деп бағаланды. Кіріс-шығыс құжаттары қос тілде тіркеліп, отырыстардың хаттамалары мен қызметкерлердің жеке ісқағаздары да қос тілде ресімделеді.

Сонымен қатар, өзіміздің аппараттағы кіріс-шығыс құжаттамалары екі тілде ресімделеді, қызметкерлер жұмысқа қабылдау және демалысқа шығу туралы өтініштерді мемлекеттік тілде ұсынады. Тағы бір айта кететін жайт, құқық мәселелері жөніндегі бас маман өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақ тілін жақсы меңгеруіне байланысты барлық құжаттарды екі тілде өзі жаза алады. Барлық жазбалар, хабарландырулар, қажетті ақпараттар екі тілде ресімделген. Мемлекеттік тілді үйренуге арналған арнайы стенд жасалған.

Тіл – тату-тәтті тұрмыстың, тірлік пен бірліктің, достықтың арқауы.

Сондықтан бәріміз ата-баба тіліне қамқорлық көрсетейік. Бұл орайда Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында айтқан “Қазақ тілі туралы айтқанда істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс” деген тапсырмасын алдымен біздер – қазақтар жадымыздан шығармайық. Сонда өзге этностардың да оған ілтипаты мен құрметі артады.

Әлия ЖАНТАСОВА,

аудандық мәслихаттың мемлекеттік тілде іс жүргізушісі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp