«Қызылжар» креатив орталығында бар ғұмырын білім беру мен ұлттық өнерді насихаттауға арнаған, көзі тірісінде «Балқадиша» вокалды-фольклорлық халықтық ансамблінің көркемдік жетекшісі болған Мәшуда Ыбыраеваны еске алу кеші өтті. Шараға ардақты жанның замандастары, әріптестері, шәкірттері мен жерлестері қатысты.
Еске алу кеші марқұмның өзі құрған «Балқадиша» ансамблінің орындауындағы әнмен басталды. Әжелерден құралған өнер ұжымының Қызылжар сахнасында жүргеніне 20 жылдан асып барады.
Кешке қатысқан жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов, Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин Мәшуда Ыбыраеваның жарқын бейнесін еске алып, оның өз ісіне адалдығы, бекзат болмысы, тағылымды тұлғасы туралы сөз қозғады. Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Нұрбек Нәбиев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Қуаныш Мұстафин, марқұмның әріптестері мен шәкірттері де естеліктерімен бөлісті. Марал Оспанова арнау өлеңін оқып берді.
– Мәшуда апамызды ансамбль құруға шықырып, қолдау көрсеткен азаматтардың бірі Қуандық Ишанғалиұлы ағамыз еді. Қазақылықтың үлгісі болатын осындай ұжым құрылса деген тілек осындағы әр қазақтың ойында жүретін. Мәшуда апамыз табандылығы мен өнерге адалдығының арқасында осы ойды жүзеге асырды. Кейін бұл ансамбль талай биіктерді бағындырды, – дейді Жангелді Тәжин.
Кеште жергілікті өнерпаздар мен «Балқадиша» ансамблінің әжелері өнер көрсетіп, шығармашылық ұжымның дүниеден озған мүшелерін еске алды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».