«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРДІҢ ШЕТЕЛДЕГІ “ЕЛШІСІ”

“Әннің де естісі бар, есері бар”, – деп хакім Абай айтып кеткендей, өнердің биік шыңын, бекзат түрін бағындыру әркімнің еншісіне бұйыра бермейтін бақ. Қазақтың жезтаңдай әншісі Әміре Қашаубаевтың Париж төрінде ән шырқап, Францияны тамсандырғанын кім білмейді?! Бүгінгі күні де саңлақ әншілер арасында шетелдік көрермендердің бойын балқытып, жүрегін шалқытып, өнерімен сүйсінтіп жүргендер аз емес.

Әрине, басқаларға қарағанда опера әншісінің әрқашан да бәсі биік екенін ешкім теріске шығара алмайды. Германияның Крефельд және Менхенгладбах қалаларындағы біріктірілген театрдың әншісі Қайыржан Жолдыбаев – шетел сахнасында бағы жанған жерлестеріміздің бірі. Ол – қойнауына құт, даласына сыр тұнған Уәлиханов ауданының тумасы. Өнер иесінің туған жерін аңсап жеткен сапарларының бірінде алған сұхбатымызды көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

– Уәлиханов ауданы жайлы сөз қозғағанда осы өлкенің ай-маңдайлы перзенттерін ауызға алмай кету әбестік болар. “Қа-раңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды” армандаған, алаштың асыл мұратын арқалаған небір даңқты азаматтар шыр етіп дүниеге келген қасиетті жер ғой. Қазақ өнерінің тарланы Ермек Серкебаев та – осы өңірдің түлегі. Сізді есімі әлемге мәшһүр болған азаматтың жолын жалғасам, деген асыл арман өнерге жетелеген шығар?

– Ән көгін айшуақ нұрға бөлеген Ермек Серкебаевтің жанында мен кіммін? Ол халқымыздың бағына туған асыл азамат қой. Қазақ өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған ағамыздай бола алмасақ та, кішкентайымыздан ұқсап бағуға тырысқанымыз рас. “Біржан-Сарадағы” Қожағұлдың, “Ер Тарғындағы” Тарғынның, сондай-ақ, Алпамыс, Панфилов, Евгений Онегин, Мазепа, Фигаро, Дон Жуан, Эскамильо, Жермон және т.б. партияларды шеберлікпен орындағанда көкжиектен көтерілген күндей жарқырап, тыңдарманды ерекше сезімге бөлеуші еді. Мен ол кісінің өнеріне бас иіп, оның орындауындағы шығармаларды теледидардан көріп, радиодан тыңдап өстім. Ол уақытта жаңа әнді тез жаттап алып, жұрттан бұрын орындағанша асық болушы едік. Ермек Серкебаев туған жерде дүниеге келгенім еске түскенде жүрегімді ерекше мақтаныш сезімі кернейтін. Өйткені, өнерге бала күнімнен ғашық болдым. Классикалық өнерді таңдауыма алдыңғы толқын – ағалар секілді халық ілтипатына бөленсем деген бала арманым жетеледі.

– Қайыржан Нәбиұлы, арман адамды адастырмайды, дұрыс жол таңдауға ұшқан ұя, өскен ортадан бөлек, ұстаздарыңыздың да үлесі бар ғой.

– Өнерге кездейсоқ келген адам емес екенімді жоғарыда айтып өттім ғой. Алдымен ән қанатына арманымды байлап, Қызылжардағы педагогикалық институттың музыка факультетіне оқуға түстім. Ауыл баласының таудай талабын ұштап, томағасын сыпыратын адам – ұстазы. Бағыма қарай жоғары оқу орнының профессоры Зиновий Дынкин ән сабағынан берді. “Балам, саған Алматыға бару керек, консерваторияда білім алуды ойла”, – деп ағалық қамқорлығын көрсетіп, ақылын айтып жүруші еді, жарықтық. Асыл ұстазым Алматы қаласындағы беделді оқу орны – Құрманғазы атындағы консерваторияның вокалдық факультетіне жолдама беріп, ақ батасымен шығарып салды. Сөйтіп, 1987 жылы хош иісті апорттың отаны – Алматыға алып-ұшып жеттім. Мұнда профессор Александр Поликаркиннің сыныбына қабылданып, сол кісіден жеті жыл білім алдым. Білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз дегендей, кейін де әншілік өнердің қыр-сырын меңгеру үшін аянбадым. Әннің құдіретін көрерменге жеткізетін әнші болса, әншінің үздік қасиет-қарымы ән арқылы жұртшылықтың көкейіне қонады. Ендеше, өнердің биік шыңына құлаш сермеу үшін алдымен оған апарар жолдан өткен жөн. Сондықтан кәсіби тұрғыдан толысқанда ғана жұрт алдына ұялмай шығуға болады. Германияны бетке алғандағы мақсатым тәжірибе жинақтап қайту еді. Міне, осылайша, Еуропа төріне келдім.

– Өз елімізде де өнердің биігін бағындыруға болар еді ғой. Әрі қаншама ізбасар тәрбиелер едіңіз?

– Мен оқу бітіргеннен кейін 1996 жылы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында жаңғырту жұмыстары жүріп жатты. Соған орай опералық шығармаларды түрлі сахналарда орындауға тура келді. Жас әрі өнерге енді келген әнші үшін бұл қолайлы болды деп айта алмаймын. Осылайша, үйірінен адасқан аттай күй кешіп жүрген шақта (1998 жыл) Алматы төрінде танымал неміс баритоны Бернд Вайкль атындағы конкурста бағым жанып, жүлделі 1-орынды жеңіп алдым. Өнерімді жоғары бағалаған қазылар алқасы мені вокалдық техниканы меңгеруім үшін Германияға шақырды. Мұнда аспирантураға түсу үшін арнайы комиссияның алдында өнер көрсеттім. Олар бірауыздан әншілік қабілетімді жоғары бағалады. Осылайша, шәкірттері әлем сахналарының жұлдызына айналған танымал педагог, профессор Гюнтер Бингтың сыныбына қабылдандым.

– Иоганн Себастьян Бах секілді әлем мойындаған даңқты композитордың Отанында білім алу, шынымен де, үлкен бақыт қой.

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл Алланың маған берген сыйы деп білемін. Аспирантураға қабылданған жылы Нойштрелиц қаласындағы опера театры француз композиторы Шарль Гуноның “Фауст” шығармасындағы басты партияны орындауға шақырды. Сол сәт әлі күнге дейін жадымда. Қазақ баласының неміс тілінде өте ауыр туындыны орындап шыққанына әрі өнеріне тәнті болған жұртшылық аяғынан тік тұрып, қошемет көрсетті. Осыдан кейін басқа театрлардан шақырту алып, күрделі партияларды орындауға келісімшартқа отырдым.

– Бүгінгі күні әлемнің танымал музыка майталмандарымен жетекші партияларды орындайды екенсіз, сол рас па?

– Ол шындық. Мақтанғандай болмайын, бірақ сегіз жылдан бері Америка, Англия, Франция, Бельгияның режиссерлерімен, әншілерімен және танымал неміс дирижерлерімен бірге атақты опералық шығармаларды орындаймын. Сонымен қатар Германияның Ваймар, Дрезден, Аахен, Оснабрюк, Кобленц, Хаген, Регенсбург және өзге елдердің Санкт-Петербург, Киев, Будапешт, Мишкольц қалаларындағы опера театрларынан шақырту аламын.

– Сол елдің бұқаралық ақпарат құралдары сізді “Қазақстан өнерінің елшісі” деп атайды екен.

– Мен жайлы Германияның “Rheinische Post”, “Westdeutsche Zeitung”, “Ibbenbuerener Volkszeitung” басылымдары мен “Das Opernglas” журналының журналистері талай мәрте қалам тербеді. Көрермендер арасында сауалнама жүргізу арқылы жыл сайын НордРейнВестфалия жерінде өтетін байқауда бірнеше рет “Жылдың үздік әншісі” атандым. Әрине, құрмет пен қошемет еңбегіңе берілген зор баға ғана емес, адамның жүрегін жадыратып, көңілін өсіреді. Алдағы жұмысыңа серпін береді.

– Биыл жаз айында Уәлиханов ауданының 90 жылдық мерейтойында туған жерде “Отаныма тарту” атты концерт бердіңіз. Жұртшылықтың сізге деген ілтипаты ерекше екен. Өзіңіз де кіндік кескен ата-қонысыңызды сағынатын шығарсыз.

– Ойыңызды түсіндім, елге қашан ораласыз деп, сұрағыңыз келіп тұр ғой. Мен Германияда опера өнерін жаңа қырынан танып, оның терең сырларына қанығуға мүмкіндік алып отырмын. Музыка ұлтқа бөлінбейді, өнер әлемінде ше­кара жоқ. Көптеген дарынды жастар түрлі мемлекеттерде табысты еңбек етуде. Халқымыздың ән-күйі көптеген елдерде шырқалып, өнеріміздің көкжиегі кеңейе түсуде. Сондықтан Отаныма шәкірт тәрбиелей алатын биікке көтеріліп, операның нағыз майталманы болып оралғым келеді. Ол күн де алыс емес. Бірақ дәл қашан екенін айта алмаймын.

Ал өнеріме қошемет көрсетіп жатқан елім менің әрқашан жүрек түкпірімде. Шақыртулар алып тұрамын. Астана қаласындағы опера және балет театрында нағыз мықтылар еңбек етіп жатыр. Мені де ұмытпай, фестивальдар мен қойылымдарға, елімнің төрінде өтетін дүбірлі тойларға шақырып жатады. Жолым түскенде келіп-кетіп жүремін. Индия, Түркия, Қытай, Франция, Ресей, Украина, тағы басқа мемлекеттерде өткен Қазақстанның мәдениет күндерінде де өнер көрсеттім. Бұдан кейін де елімнің атағын асқақтату жолында тер төгетін боламын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp