«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРДІ ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН

Қызылжар өңірінен мәдениет пен өнердің дамуына еселі еңбегімен үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз шықпаған. Солардың бірегейі – көзі тірі болғанда ақпан айының 5-ші жұлдызында 76 жасқа толатын белгілі өнер қайраткері, қадірлі ағамыз Қуандық Қасымов. Қуандық аға екеуіміз – Жамбыл ауданындағы Баян ауылының тумасымыз, бір мектепте оқыдық, кейін өнер жолында да қатар жүрдік.

Қуандық Ишанғалиұлы бар ғұмырын өнерге арнаған адам еді. Бала күнінен сахнаға жақын болып өсті. Ол өнерді ұлықтаудан, оған қызмет етуден бір сәт жалыққан емес.

Қуандықтың өнер жо­лын таңдауының өзіндік себеп­тері бар деп ойлаймын. Ең алды­мен, оған туған жері мен өскен ортасы ықпал етті. Жамбыл ау­данындағы Баян ауылы – ерте­ден өнер ордасы атанған мекен. Осы өңірден Нияз сері, Сегіз сері сияқты әйгілі өнер иелері шыққан. Ел ішінде Сегіз серінің әндерін, күйлерін орындап жүр­ген талай адам болды. Қуандық­тың әкесі де өнерге жақын, ке­ремет домбырашы, әнші болған кісі еді. «Ұяда не көрсең, ұшқан­да соны ілесің» дегендей, Қуан­дықтың басқа саланы емес, өнер жолын таңдауы – заңдылық.

Баян орта мектебінде оқып жүргенде Қуандықты ұстаздар мен оқушылардың барлығы «әнші бала» деп атайтын. Ол «Құралай» әнін орындағанда бәріміз ерекше сүйіспеншілік­пен тыңдайтынбыз. Мектепті бітірген соң Қуандық Алматы қаласындағы Күләш Байсейіто­ва атындағы музыка учили­щесінің дирижер-хоровик ма­мандығына оқуға түсті. Ол кезде бұл оқу орнының атағы дүркіреп тұрған шақ. Білім ошағында қа­тарының алды атанып, түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүрді.

Жазғы демалыс кезінде ау­данда өткен конкурсқа біздің ауылдан 70 адамнан құралған хор қатысты. Сол хорды ұйым­дастыруда Қуандықтың еңбегі орасан зор болды. Ол кезде мен 9-сыныпта оқитынмын, өзім де хордың құрамында болдым. Біз төрт дауыста ән айтып, жүлделі бірінші орынға ие болдық.

Қуандық Ишанғалиұлы ең­бек жолын Сергеевка (Шал ақын ауданы) қаласындағы му­зыка мектебінде бастады. Кейін аудандық Мәдениет үйіне же­текшілік етті. Аудандағы өнер­паз қазақ жастарының басын бір арнаға тоғыстырып, ақын, марқұм Мүтәллап Қанғожин ағамыз ұйымдастырған алғашқы облыстық байқауға қатыстырды. Аудан жастары бірінші орын алды, ал Қуандықтың өзі дәс­түрлі ән жанры бойынша бас жүлдені иеленді. Кейін өнерлі жастармен бірге «Ақбидай» ан­самблін құрды. Бұл ансамбльдің атағы республикаға кеңінен жа­йылды. Алматыда, кейін Ресейдің Пермь облысында 90-ға жуық концерт қойды.

Қуандық Ишанғалиұлы өңір­де ақындар айтысын қайта жан­дандыруға белсене атсалысқан жан. 1980-1986 жылдар аралы­ғында Көкшетау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан об­лыстары ақындарының қаты­суымен аймақтық деңгейде ай­тыс ұйымдастырды. Ал 1989 жылы Ресейдің Халық әртісі Ген­надий Заволокинді арнайы ша­қырып, алғаш рет «Ойна, гар­монь, күмбірле, домбыра» атты облыстық фестиваль мен түрлі ұлт өкілдерінің ойын-сауық ме­рекесін өткізді. Бұл шаралар ха­лықтар арасындағы достық пен мәдени байланыстардың ны­ғаюына елеулі үлес қосты.

Кейін Қуандық Қасымов бұ­рынғы Соколов, Қызылжар ау­дандарындағы мәдениет бөлімін басқарды. Одан соң Петропавл қаласындағы филармонияның тізгінін ұстады. Жалақы жылдап төленбейтін қысылтаяң шақта өзге өңірлерден келген 10 актер­ге қамқорлық көрсетіп, пәтер алып беруі оның нағыз қайрат­кер екенін аңғартады.

Сәбит Мұқанов атындағы об­лыстық қазақ сазды-драма теат­рының тізгінін сегіз жыл бойы қолында нық ұстаған кезеңде Қуандық Ишанғалиұлы өзін шын мәніндегі қазақ өнерінің жанашыры, адал басшы ретінде таныта білді. Ол театрдың шы­ғармашылық бағыт-бағдарын айқындап қана қоймай, актерлік құрамның кәсіби өсуіне, сахналық мәдениеттің қалыптасуына ерекше мән берді. Соның нәти­жесінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі алпысқа жуық театр ұжымы Қуандық ағаның еңбегін жоғары бағалап, оның өнеріне құрметпен қарады, таланты мен ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болды.

Қуандық Ишанғалиұлы көзі тірісінде ұлттық өнерге деген шексіз сүйіспеншілігін нақты іс­терімен дәлелдей білді. Ол Көк­шетау, Қарағанды және Сол­түстік Қазақстан өңірлері ақын­дары арасындағы шығармашы­лық байланысты нығайтуға сеп­тесті. Осы бастамалары арқылы қазақтың көне де қастерлі айтыс өнерінің қайта жанданып, кеңі­нен насихатталуына өлшеусіз үлес қосты. Оның ел руханияты­на сіңірген еңбегі мен өнер жо­лындағы ізденістері халық жа­дында мәңгі сақталары сөзсіз.

Ардақты тұлғалардың, әсіре­се өнер иелерінің шынайы биігі мен дара болмысы көбіне көзі тірісінде замандастары тарапы­нан толық бағалана бермейді. Әдетте ондай бағаны өмірден өт­кен соң ғана беріп жатамыз. Ал Қуандық Ишанғалиұлы тірісін­де-ақ өнер шыңына көтеріліп, өңірімізге ғана емес, күллі рес­публикаға кеңінен танылды. Ол өз саласының нағыз майталма­ны, ісіне берік, жауапкершілігі жоғары, адамгершілік болмысы биік жан болатын.

Жангелді ТӘЖИН,

Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp