
Жақында Петропавл қаласындағы бейнелеу өнері мұражайында “Жылы жаздың бояулары” атты көрме ұйымдастырылды. Оны Петропавл қаласы ішкі саясат бөлімінің қолдауымен “Улыбка” балалар қайырымдылық қоры өткізді. Көрмеге 60 астам баланың қолынан шыққан туындылар қойылды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың жұмыстарын да кездестіруге болады.
“Улыбка” қайырымдылық қорында “Фея” орталығының жұмыс істегеніне де 1 жыл болды. Осы аралықта сурет салуға ерекше құлшыныс танытып, топ жарған өнерлі ұл-қыздар да көрмеге қатысып, өз қолдарынан шыққан жұмыстарын көпшіліктің назарына ұсынуға мүмкіндік алды. Отбасылық құндылықты насихаттап, ана мен балаға қолдарынан келгенше көмек көрсетуді мақсат еткен қор төрайымы Галина Бондаренко – мұндай іс-шараларды жиі өткізіп тұруға атсалысып жүрген қайырымды жандардың бірі.
– Бүгінгі іс-шараға басқалармен қатар “ОриДа”, “Адон-Север”, “Солнечный дом” сияқты мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін түрлі қоғамдық бірлестіктердегі балалардың да суреттері қойылды. Мұқият қарасаңыз, әр суреттен ерекше көрініс, бейне бір әдемі әлемнің тынысын байқауға болады. Осының өзі баланың бойындағы өнерге деген ерекше көзқарасын байқатып тұрғандай. Біз бұған дейін де бірнеше тақырыпта көрмелер өткіздік, мұндай дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады деп үміттенеміз, – деді ол.
Көрме соңында қатысқан барлық балаларға “Вэлта” компаниясы ойыншықтар мен түрлі сыйлықтар табыс етсе, “Улыбка” қоры дастарқан жайды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.