Олар сахнада отыз жылдай бірге өнер көрсетті. Өздері тұрып жатқан Шал ақын ауданына ғана емес, бүкіл облысқа танылды. Олар деп отырғанымыз – Ниязовтар отбасылық ансамблі. Отағасы Қалқай Ниязов ансамбльге өзі жетекшілік етсе, зайыбы Майра, балалары Әлия мен Балғабай төртеуі өнерсүйер қауымның зор қошеметіне бөленді.
Сегіз қырлы, бір сырлы Қалқай Ниязов жастайынан домбырада ойнап, қазақ, орыс және украин тілдерінде ән шырқап өседі. Кейін мектепте де шығармашылық қабілеті еленіп, көркемөнерпаздар ұжымының қатарынан көріне бастайды. Осы тұста гитара, сырнай және баянда ойнауды игеріп алады. 13 жасында “Баян” кеңшарының өнер ұжымдарының бетке ұстар әншісі атанады. Дарынды жігіт әншілік қабілетін әскер қатарында да шыңдай түседі.
Кейін ол “Ақбидай” ансамблінде жарқырап көрінді. Талай конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Отбасылық ансамбль аудандық, облыстық, республикалық дәрежеде лауреат атанып, үлкен сахнаны да бағындырады.
Қалқай Мархабайұлы өмір бойы ішкі істер органында қызмет етті. Сондықтан оның өнерлі отбасы полицейлердің түрлі мәдени кештері мен сайыстарының да жиі қонағы болды. Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған өнер сайыстарында, отбасылық ансамбльдер арасындағы додаларда жеңіс тұғырынан көрінді.
Қалқай Ниязов өмірден өтсе де, бүгінде оның ұлдары өнер әлемінде биіктерді бағындыруда. Шаңыраққа ие болып қалған ұлы Балғабай әлі күнге дейін ән-жырдан алыстаған емес. Дарынды өнерпаз Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында дыбыс режиссері болып еңбек етуде. Өнерлі отбасының тағы бір мүшесі Азамат та әке жолын жалғастыруда.
Гүлден СИМБАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің студенті.