«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРЛІ ӨРГЕ ЖҮЗЕР

Сабыржан Придонов жастайынан би өнеріне құштар болып өсті. Бірақ ол болашақта балет әртісі боламын деп ойлаған жоқ еді.

Отбасында төрт ұл тәрбиелеп отырған ата-анасы Сабыржанның биге икемін байқаған соң оны Астана қаласындағы музыка колледжіне оқуға жібереді. Бойындағы өнерге деген құштарлығы мен қабілетін ұштастырған ол Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы музыкалық мектепті балет әртісі мамандығы бойынша тамамдайды.

“Шабыт” ансамблінің мүшесі хореография факультетінде білім алған жылдары өткізілген барлық іс-шараларға белсене қатысады. Ол көпмәдени өнер форумына, ІХ ұлттық жастар дельфийлік ойындарына қатысып, ансамбльдің шығармашылық табыстарға қол жеткізуіне және Қазақ ұлттық университетінің қоғамдық өмірінің дамуына қосқан үлесі үшін ректор Айман Мұсаходжаеваның Алғыс хатын алған.

“Өнерлі өрге жүзеді” дегендей, ол бойындағы талантының арқасында гастрольдық сапармен Италия, Германия, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Америка елдерінде болған. Сондай бір сапары барысында кездейсоқ болған оқиға туған жердің қадірін терең түсінуіне әсер еткенін айтып берді. Ол оқиға былай болған екен: “Нью Йорк қаласына барған сапарымда бір ауылда тұрып, мектепте бірге оқыған, бүгінде Колумбия университетінің магистранты Гүлзада Әленованы кездестірдім. Өзге елде жүргенде жерлесімді кездейсоқ кездестіруім маған ерекше әсер етті. Мен бұл кездесуден кіндік қаным тамған туған жерімді көргендей әсер алдым. “Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің” дегендей, Тәуелсіз Қазақстанның қаншалықты ыстық екенін тағы бір мәрте түсіндім” , – деді Сабыржан.

Алмагүл БЕЛГІБАЕВА,

Бірлестік орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp