Қызылжардағы қазақ мектеп-гимназиясында “Болашақ қуаты – Қазақстанның қолында” атты аймақтық фестиваль аясында робот жасаушылардың “Робо-ЭКСПО” деп аталатын сайысы өтті. Байқауға еліміздің Тараз, Қостанай, Көкшетау, Астана қалаларының үмітін үкілеп келген 26 топтан құралған елуден астам өнертапқыш қатысты.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі – Петропавлдағы №16 орталау мектептің директоры Данияр Уәлиевтің айтуынша, елордада өтетін “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі қарсаңында мұндай сайыс біздің өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Екі бөлім, тоғыз деңгей бойынша өткізілген жарыста жас өнертапқыштар біліктіліктері мен жылдамдықтарын, тапқырлықтарын паш етуге тырысты. Алғашқысында өнертапқыштар берілген екі сағаттың ішінде өз туындыларын бұзып, қайта құрастырудан сайысса, екінші бөлімде олардың жылдам қадам басып, мәре сызығына жетулерінен бақ сынасты. Көзге түсіп, көпшілікті сүйсіндірген сайыскер топтың ең жас мүшелері №16 мектептің алтыншы сынып оқушылары Алексей Содинов пен Альберт Класиннің робототехникасымен айналысып жүргендеріне небәрі бір жыл. Олар өздері жасап шығарған тың техниканы “Сумо” деңгейінде сынап көрді. Сөйтіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.