
Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында “Алтын қазына” атты қолданбалы өнер көрмесі өтті.
Оқушылардың бойында шығармашылық ізденісті қалыптастырып, өнерді насихаттау мақсатын көздеген шараға Петропавл қаласы мен өңір аудандарынан келген ұл-қыздар қатысты. Жасөспірімдер жиналғандардың назарына 200-ден астам туындыны ұсынды. Көрмеге ағаштан, киіз бен матадан және тағы басқа заттардан жасалған бұйымдар, картиналар қойылды. Мысалы, әсем құрақ көрпелер мен шыныдан жасалған бұйымдар көпшіліктің көңілінен шықты.
Шараға мүмкіндігі шектеулі балалар да қатысты. Солардың бірі – Владислав Черепанов 1-сыныптан бастап-ақ сурет салып, киім тігіп, қабілетін дамытқан. Бүгінде оның коллекциясында жүннен тоқылған қолғаптар, дорбалар және қуыршақтар бар.
Көрме соңында үздіктерге Бурабайдағы “Балдәурен” республикалық сауықтыру лагеріне жолдама берілді.