Елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты облыс тұрғындары үшін мәдени шаралардың онлайн бағдарламасы жасалып, өнерпаздар қашықтан жұмыс істеуде. Әлеуметтік желілерде қызықты сұхбаттар мен концерттер ұйымдастырылуда. Сәуір айының соңына дейін өңір тұрғындары түрлі форматта жүзден астам шараны тамашалай алады. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов айтты.
– Облыс тұрғындары арасында қауіпті індеттің жолын кесу, санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін мәдени шараларды қашықтан тамашалауға мүмкіндік бар. Қазір әлемде орын алған жағдайға байланысты үйде оқшауланып, отбасымен уақытты қызықты өткізетін кез туды. Сондықтан карантин кезінде тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында мәдениет саласы қызметкерлері тарапынан түрлі жобалар қолға алынды, – дей келе Құралбек Бүркітбайұлы ғаламтор кеңістігінде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін түрлі топтағы көрермендер үшін қызықты бағдарламалар ұсынылатынын жеткізді. Оның айтуынша, концерттер, сұхбаттар, мәнерлеп оқу сайыстары мен музыкалық аспапта ойнаудан, би билеуден шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, шығармашылық кештер өтуде. Барлық шаралар еліміздегі атаулы мерейтойлар аясында ұйымдастырылатын болады.
Қазір әлеуметтік желілер арқылы өңіріміздегі танымал өнерпаздар еркін форматта көрермендермен сұхбаттасуда. Бүгінде музей, кітапханалар да қашықтан жұмыс істеуге бейімделуде. Әр адам мұражайдағы құнды жәдігерлер туралы қызықты ақпараттарға қашықтан қол жеткізе алады. Сондай-ақ, онлайн экскурсиялар да ұйымдастырылады. Өңіріміздегі киелі орындарға 3D форматында саяхат жасауға болады. Айтыссүйер қауым үшін де жақсы жаңалық бар. Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі онлайн айтыс өткізуді жоспарлауда. Облыстағы үш театр да қойылымдардың онлайн көрсетілімін ұсынатынын айтып өткен жөн. Мәселен, “Жан дауысы”, “Шолпанның күнәсі”, “Қыз Жібек”, “Шоқан Уәлиханов” сынды түрлі жанрдағы қойылымдар мен балаларға арналған ертегілерді қашықтан тамашалауға мүмкіндік бар. Архив құжаттарына да онлайн тапсырыс беруге болатынын айтқан басқарма басшысы осы өңірден соғысқа аттанған жауынгерлердің тізімі бірыңғай ақпараттар базасына енгізілгенін жеткізді.
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Елена Покрас өңірдегі сахнагерлердің шығармашылық жұмыстарымен таныстырды. Ол қазір актерлер спектакльдерге қашықтан дайындалып жатқанын айтты. Ал жаңа маусымда аталмыш театрда Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясының желісімен танымал режиссер Талғат Теменовтің жаңа қойылымы сахналанатынын атап өткен жөн.