Петропавлдағы Оқушылар сарайында “Солтүстік Қазақстанның жас өнертапқыштары – 2019” фестивалі өтті. Биыл қатарынан екінші рет ұйымдастырылып отырған шараға 10-18 жас аралығындағы талантты жасөспірімдер қатысты.
Оқушылар сарайы директорының орынбасары Нұрзия Майлинаның айтуынша, дарынды өрендерді ынталандыру мақсатында енді бұл фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
– Бүгінде технологиялық дамудың негізгі кілті ғылыми жаңалықтар мен инновация екені сөзсіз. Сондықтан қазіргі таңда осы бағыттағы бастамаларды, стартаптарды, ғылыми және ІТ-жобаларды қолдаудың маңызы зор, – дейді Нұрзия Майлина.
Биыл сайысқа қатысушылар 49 жоба ұсынды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен олардың жетекшілері дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Ал қатысушыларға сертификат табысталды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.