“Нұр Отан” партиясының басқа саяси ұйымдардан ерекшелігі – азаматтар үшін қоғамдық қабылдаулардың болуында. Онда азаматтар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салып, тиісті билік органдары өкілдерінен заң аясында кеңес алып, оны шешудің жолдарын қарастырады. Шырмауы көп шырғалаң өмірде болып жатқан түйінді мәселелер де осы жерде талқыланып жатады. Бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақалов бір топ азаматтарды қабылдады.
Есімі өңірімізге танымал кәсіпкер және өнертапқыш Сағынтай Изғұтдин қоғамдық қабылдауда өз кәсіпорнында шығарылатын су жылытатын қазандықтың техникалық ерекшеліктері мен тиімділігін жан-жақты баяндап шығып, оның өндірісін жолға қою мәселесін көтерді. Бүгіндері облысымызда Польшада шығарылған қазандықтар пайдаланылуда, ал жергілікті құрылғылар одан үш есе арзан болмақ. Негізінен, сабан, қамыс және басқа да биомассаны жағу арқылы жұмыс істейтін бұл қазандықтардың шетелдік құрылғыларға қарағанда бірнеше техникалық басымдықтары бар және жергілікті климатқа бейімделген.
– Мен ширек ғасырдан астам өнертапқыштық іспен айналысып келемін. Көптеген құрылғыларымыз өндіріске енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетуде. Бұл қазандықты пайдалану арқылы бюджеттің қыруар қаржысын үнемдеуге болады. Ал кәсіпорында шығарылған жылу генераторымыздың ылғал астықты кептірудегі пайдалы әсер коэффициенті өте жоғары. Өйткені, ол қымбат дизель отынының орнына орақ науқанынан кейін алқапта үйіліп қалатын сабанды пайдаланады, – деді Сағынтай Ізғұтдин.
Құмар Іргебайұлы мәселенің мәнісіне қаныққан соң облыстық энергетика басқармасының өкіліне техникалық кеңестің отырысында қазандық пен жылу генераторының ерекшеліктерін, жұмыс істеу принциптерін терең талқылауды және оң баға алғанда оның өндірісін жолға қоюды қарастыруды тапсырды.
“Память” қорының төрағасы Болат Сағындықов “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасына Петропавл қаласында ашылған саяси қуғын-сүргін құрбандары мемориалдық кешенінің құрамында жаңа мұражай салуға көмектесуін сұрады. Оның айтуынша, үш залдан тұратын бұл мұражайда келесі жылы 125 жылдығы атап өтілетін Мағжан Жұмабаевқа, саяси-қуғын құрбандарына арналған материалдар мен құжаттар орналастырылып, келушілердің назарына ұсынылмақ. Оның құрылысын жүргізуді, жобалау-сметалық құжаттамаларын дайындауды қаржыландыру мәселесі шешімін таппаған.
– Бүгіндері облыс орталығының көшелерін жөндеу, жаңа тұрғын үйлер кешенін салу, демалыс аймақтарын құру, аулаларды абаттандыру, көпірлерді қалпына келтіру және басқа да қат-қабат жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол қомақты қаржыны талап ететіні сөзсіз. Біз сіздің саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіз көтерген мәселені алдағы уақытта бірлесіп қарастыратын боламыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
“Қызылжар оранжереясы” мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының директоры Артур Рязапов пен бас агрономы Равиль Рязапов биыл жекешелендіру бойынша өткізілген үш электронды тендер барысында ықтимал сатып алушының болмауына байланысты бір ғасырдан астам тарихы бар бірегей мекеменің алдағы қызметі толғандыратынын жеткізді. Бүгіндері облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары экологиялық сараптама жасап жатыр, ол оң нәтижемен аяқталған жағдайда кәсіпорын мемлекет меншігінде қалатын болады.
Қоғамдық қабылдау барысында еңбек ардагері Бәйкен Кәдірбайұлы “Облыстағы ислам дінінің даму тарихы” кітабын шығаруға көмек сұраса, “СК-Максимум” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Юрий Щеголов өңіріміздің аумағында қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалдау ісін жақсартуға қатысты өзінің пікірін білдірді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.