«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРІМЕН ДЕ, ӨНІМІМЕН ДЕ АСТАНАЛЫҚТАРДЫ ТАМСАНДЫРДЫ

Елордадағы “Хан Шатыр” сауда ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Екі күнге созылған жәрмеңке барысында елордалықтар 740 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін қала базарларындағыдан 15-20 пайызға арзан бағамен сатып алды. Солтүстіктен жеткізілген азық-түліктің қатарында ет және сүт өнімдері, балық, жеміс және көкөністер, шұжық өнімдері бар. Жалпы, елордаға 100-ден аса өнім түрлері жеткізілген.

Елордалықтар Солтүстік Қазақстан облысының мәдениеті және өнерімен де танысуға мүмкіндік алды. Бейбітшілік және келісім сарайында облыстық мұражай бірлестігінің ұйымдастыруымен “Туған жердің тартылысы” көрмесі, сондай-ақ, жергілікті суретшілердің “Өңір маржаны” көрме экспозициясы ұйымдастырылды.

Ағашты оюлау, қайың қабығынан және киізден түрлі бұйымдар жасау сияқты қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік дәрістері де өтті. Ал Ұлттық кітапхананың көрме залында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың “Солтүстік Есіл өңірі – өрісі кең өлке” атты безендірілген кітаптар көрмесі өтті.

Кешкісін Бейбітшілік және келісім сарайында Солтүстік Қазақстан облысының үздік шығармашылық ұжымдарының “Мағжан елінен–Елорда төріне” атты гала-концерті болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp