Өнер – әр адамның бойындағы құдіретті күш секілді. Бірақ белгілі бір аспапты игерумен шектеліп қалмай, оны жан-жақты дамыту керек. Адамгершілік қасиетті сақтау, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу да өнер. Өнер – Аманкелді Хасенұлы өмірінің үлкен бір бөлігі.
Омбы облысының Назыбай ауданында дүниеге келген Аманкелді Хасенұлы жастайынан өнерге құштар болып, музыкалық аспаптарды меңгерген. Әкесі Хасеннің жолын қуып, Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың музыка факультетін тамамдайды. Ол кезде Қарағандыда музыкалық білімі бар қазақ жігіттері жоқтың қасы болатын. Қаладағы Кеншілер сарайының өнерпаздары студент жігітті жатырқамай, бірден қабылдайды. Аманкелді ағамыз ұжыммен бірге үнемі түрлі байқау, сайыстарға қатысып, бірнеше рет лауреат атанады.
Алғаш еңбек жолын Қызылту аудандық музыка мектебінде бастаған Аманкелді Хасенұлы мұнда да талай белестердің биігіне шықты. Жас ұстаздың ұйымдастыру қабілетін бағалай білген басшылар сол кездегі Ленинград ауданының орталығында өнер мектебін ашуға ұсыныс жасайды. Содан бері ұстаз талай шәкіртке дәріс беріп, өнерлерін ұштауға қамқорлық жасады. Шәкірттерінің барлығы ағамыздың жолын қуып, ол үйреткен тәрбиемен, бағыт-бағдармен еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары, орта-арнаулы өнер ордаларында оқып, еңбек етуде. Олардың арасында Әсел Тоқсанова, Алтыншаш Тәжібаева, Салтанат Бекмағанбетова, Ирина Шелудкова, Инесса Шпедт, Дана Көбелекова, Оксана Самойленко, тағы басқалар бар. Алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан музыка мектебі түлектерінің бірқатары Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет, Біржан сал атындағы музыка және Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледждерде білімдерін жалғастыруда.
Аманкелді Тошкен – тылсым саз әлемінде өзіндік үн, тұңғиықтай терең сырлы күш, бояу реңі бар, нәзік әндерімен тыңдаушы қауымды елең еткізіп жүрген хас сазгер-композитор, өнегелі ұстаз. 1985-1986 жылдары Хасеновтер отбасылық ансамблінің концерті республикалық теледидардан көрсетілген. Халық аспаптар оркестрі республикалық, бүкілодақтық халық шығармашылығы байқауының лауреаты.
Аманкелді Тошкен Білім және ғылым министрлігінің, облыс және аудан әкімдерінің грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Жергілікті ақындардың сөздері мен композиторларының әндеріне жазылған “Жұмағы жердің – Қызылжар” атты облыстық әндер конкурсында Аманкелді ағамыздың Степан Бақтыбаевтың “Ауылым – аңсағаным” және Балдырған Ильясовтың сөзіне жазылған “Анашым” әндері орындалып, Гран при сыйлығын жеңіп алды. Сазгер ағамыз 30-дан аса ән жазды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай Петропавл қаласында өткен концерттік байқауда ол жетекшілік еткен Ақжар ауданының көркемөнерпаздар ұжымы Гран при жүлдесіне ие болып, сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағымановтың 250 мың теңге сыйлығын алды. 2016 жылы жас музыканттар арасында өткен облыстық сайыста “Дебют” ансамблі 1-орынды иеленді.
Ақжар ауданының өнерлі жастарына Аманкелді Хасенұлы ашқан музыка мектебінің бергені мол. Өмірдің мәні де, нәрі де еңбек демекші, 42 жыл бойы өнер саласында шәкірт тәрбиелеп, қоғамға пайдалы істерді атқарып келе жатқан Ақжар ауданының қадірлі азаматы, ардақты басшымыз Аманкелді Тошкен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісінің иегері атанды. Өнерлі әрі ақылшы ұстаз, ұлт мақтанышына айналған Аманкелді ағамыз берекелі ісімен, жайдары, жайсаң мінезімен көпшіліктің алғысына бөленуде.
Гүлжамал ИСАБЕКОВА,
Ақжар аудандық
әдістемелік кабинеттің меңгерушісі.