Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның өнер мектебінің іргесі қаланғанына – бес жыл. Бүгінде аталмыш білім ордасында жүз сексеннен астам дарынды оқушылар, өнерлі өрендер білім алуда. Оларға жоғары санатты елу сегіз мұғалім тәлім-тәрбие беріп, талаптандырып, қияға қанат қақтыруда. Болашағынан зор үміт күттірген өнерпаздар түрлі байқауларда бақ сынап, абырой биігінен көрініп жүр. Өткен айда білім ордасының бір топ өнерпаздары Алматы қаласында өткізілген республикалық “Күншуақ” фестиваль-байқауына қатысып, жүлделі оралды.
Он үш жыл бойы өткізіліп келе жатқан байқауға өңіріміздің намысын арқалап барған аудандық өнер мектебінің 5-сынып оқушысы Камила Хасенова мен 6-сыныпта оқитын Мәдина Жахина “Ұлттық аспаптар” аталымы бойынша жүлделі III орындарды иеленсе, аталмыш аталым бойынша жүлделі I орынды 5-сынып оқушысы Анастасия Журавлева олжалады. Өнер мектебі жоғары тобының бишілерінен құралған “Фюжн” тобы “Аққу” биін мың бұрала билеп, III орынды қанжығаларына байлады.
Кеңес МҰҚЫШЕВ,
өнер мектебі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.