«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРІМЕН ӨРГЕ ЖҮЗГЕН

“Адамның жан дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек”, – деген екен түрік ақыны Назым Хикмет. Иә, ән адамның жанынан, жүрегінен шықса ғана тыңдарманын адаспай табады. Өнерді серік етіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген жандардың бірі – Дамир Есболов.

Бүгінде Қызылжар аудандық Мәдениет үйінде қызмет етіп жүрген ол 2001 жылы отбасымен бірге Өзбекстаннан көшіп келген. Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері мамандығы бойынша тамамдағаннан кейін еңбек жолын Айыртау аудандық Мәдениет үйінде бастады. Онда жұмыс істеген төрт жылдан астам уақытта әріптесі Сағындық Жанысовпен “Шалқар” деген дуэт құрып, өнер көрсеткен.

– Жастайымнан ән айтуға құмар болдым. Осы күнге дейін бағымды сынаған өнер додаларында тыңдарман назарына көпшілікке танымал әуендермен қоса, сахнада сирек орындалатын туындыларды да ұсынуға ерекше мән бердім. Өнер адамы әрқашан ізденіс үстінде болуы керек, – дейді Дамир.

2012 жылы “Шалқар” дуэті облыстық “Мамыр жұлдыздары” байқауына қатысып, он үш ауданнан келген үздік өнерпаздардың арасында бақ сынады. Байқауда олар “Ана туралы балладаны” орындаған болатын. Қазылар алқасы дуэттің өнерлерін жоғары бағалап, жүлделі екінші орынға лайық деп санайды.

Дамир осы саланың үздіктерімен бірге жұмыс істей жүріп, тәжірибе жинақтады, өнерін шыңдай түсті. Бір жылға жуық облыстық филармонияда еңбек еткен Дамирдің бұл ұжымнан да үйренгені көп. Ол түрлі мерекелік кештердің, гастрольдік сапарлардың белортасында жүрсе де, уақыт тауып үйленіп, балалы-шағалы болуды есінен шығармады. Жас отбасылардың облыс орталығында баспанаға қол жеткізуі оңайға соқпайтыны рас. Жас әнші бұл мәселені шешуге “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы арқылы жол іздейді. Осылайша, Бескөлдегі Мәдениет үйіне музыкалық жетекші болып жұмысқа орналасып, пәтер алады.

Дамир жастайынан қазақтың киелі домбырасына құштар, гитарамен де ән шырқайды. Жас өнерпаздың облыстық, республикалық түрлі байқауларға қатысып, көрермен көзайымына айналып жүргенін де айта кеткеніміз жөн. Мәселен, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық “Менің Қазақстаным” байқауында “Арқалықтың ақ таңы” әнін нақышына келтіріп орындаған. Қазылар алқасының шешімімен екінші орынға ие болды. Дамирдің айтуынша, өнер додаларына ерекше дайындықпен қатысып, орындайтын шығарманы талғаммен таңдау маңызды. Сондықтан ол әннің мағынасына, әуеніне баса мән беріп, залға келген әрбір жанның жүрегін тебірентетін туындыларды іздейді. Қызылорда қаласында өткен Кеңес Дүйсекеев атындағы дәстүрлі “Туған жер” атты әншілердің республикалық байқауына қатысып, өңіріміздің намысын абыроймен қорғағаны жас әншіні көздеген мақсатына біртабан жақындата түсті.

– Негізінен, лирикалық, ретро әндерді орындаймын. Шәмші Қалдаяқовтың, Алтынбек Қоразбаевтың туындылары жаныма жақын. Әртүрлі мерекелерге орай облыс көлемінде ұйымдастырылатын концерттік бағдарламаларға жүргізуші, әнші ретінде қатысамын. “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесінде Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндерінің аясындағы галаконцертке жергілікті өнерпаздармен бірге қатыстық. Осыған ұқсас мәдениет күндері Өскемен қаласында ұйымдастырылып, онда да өнер көрсетуге мүмкіндік алдық, – дейді Дамир Есболов.

Бескөлдегі Мәдениет үйі әртүрлі мерекелерден тыс қалмай, мәдени шаралардың алғы шебінде жүреді. Қарттар күні, тағы басқа мейрамдардың қарсаңында ауылдық округтерді аралап, өнер көрсетіп жүрген ұжым алдағы үлкен мереке – Тұңғыш Президент күніне дайындық үстінде.

Дамирдің өнерді таңдауы кездейсоқ емес. Оның ағасы облыстық филармонияның әншісі Мұхит Ахметов – жас та болса үлкен сахналарда өнер көрсетіп, биік шыңдарды бағындырып жүрген өнерпаз. Ол жас орындаушылардың “Жас Қанат – 2013” байқауында өңіріміздің атын асқақтатып, үшінші орынды иеленген.

Дамир болашақта өзінің авторлық әндерін жазсам деген жоспарларымен бөлісті. Өңіріміздегі өнердің, мәдениеттің дамуына атсалысып жүрген оған әлі талай биік шыңдарды бағындыруды тілейміз.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp