Жамбыл ауданындағы Баян ауылының тумасы Қуандық Қасымовтың есімі өңір жұртшылығына, әсіресе, мәдениеттің, қасиетті өнердің алуан түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға етене жақын болатын. Өзінің ғұмырын өнермен өрген ол ұлттық мәдениеттің өркендеуіне зор үлес қосты. Қ.Қасымов құрған “Ақ бидай” ән-би ансамблі облысымызға ғана емес, республикаға танылды. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры да ол басқарған жылдары шығармашылықтың шыңына тың ұмтылыстар жасады. Айтулы өнер иесін есте қалдыру мақсатында зиялы қауым өкілдері игі бастама көтеріп, соның нәтижесінде өңір басшысы Е.Х.Сұлтановтың қолдауымен биылдан бастап Қуандық Қасымовтың есімімен аталатын облыстық музыкалық фестиваль өткізу қолға алынды. Оның алғашқысы Петропавлдағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Өнерді ұлықтаудан шаршамаған” деген тақырыппен өтті.
Қуандық Қасымовтың өнегеге толы өмір жолы, еңбек баспалдағы, адамгершілігі, кісілік келбеті, азаматтық қыры жайлы әсерлі сөз сабақтаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев бүгінгі игі іс-шара жастардың, өскелең ұрпақтың өнерге әуес болып өсуіне, облысымыздың түкпір-түкпіріндегі талантты өрендердің көпшілікке танылуына үлкен септігін тигізетіндігін жеткізді.
Фестивальды ұйымдастырушы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мамандарының айтуынша, өнер додасына қатысуға отызға жуық талапкер өтініш білдірген. Олардың он жетісі іріктеліп, сахна төріне көтерілді. Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленгендердің қатарында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Алтын домбыра” ансамблінің мүшесі Гүлжаз Құлманова, Шал ақын ауданынан келген Телжан Айтбенбетов, “Ақжар” триосы болды. Одан өзге қатысушылардың табиғатына сай әнді таңдау талғамы, орындау шеберлігі көрініп-ақ тұрды.
Шара соңында жеті аталым бойынша жүзден жүйрік шыққандар марапатталып, оларға ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Өңіріміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаны тамашалауға келген қалың жұртшылық игі шараның болашақта өз жалғасын тауып, қанатын кеңге жаюуына тілектестік танытып тарқасты.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.