«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ Әлиханға үміт сыйлады

Бала адамның бауыр еті емес пе, ұлдары Әлихан ауыр дертке шалдыққаннан бері петропавлдық Самат пен Дина Жапаровтар мазасыз күй кешуде. Алайда, бұл қасіретті “Алланың бір сынағы” деп қабылдаған ерлі-зайыптылар баланың ауруының дәл диагнозын тауып, одан айығудың емін белгілеп берген неміс дәрігерлеріне қатты сенеді. Олардың араласуынан кейін аурудың беті бері қараған. Осыдан кейін қомақты қаражатты талап ететін шетелдік медицина көмегімен балаларын аяғынан тік қою үшін олар елімізге әйгілі өнер адамдарынан көмек сұраған.

– Өткен жылдың тамыз айында туған-туыс, жора-жолдас, әріптестердің көмегімен жиналған 3 миллион теңгеге Германияға барып қайттық. Содан кейін аурудың беті бері қарай бастады. Осы жылдың тамыз айында неміс дәрігерлері баланың миына ота жасамақ. Сұраған қаражаты да аз емес. Баланың өмірі үшін ата-ана бәріне дайын. Ұзақ ойланып, басқа жолын таба алмағандықтан, әртістерден көмек сұрауға бел буып, телефон шалдым. Өзім өнерін танитын, сүйетін біраз әртіске хабарласқанымда, солардың ішінде сөзімді жерге тастамай, қайғыма көмектескісі келгендер Майра Ілиясова, Нұрлан Өнербаев пен өзіміздің жерлесіміз Ержан Ғабдуллин болды. Оларға ризашылығым шексіз, – дейді Самат Таласбайұлы.

Бұл күні “Метро” концерт залы халыққа лық толды. Концерт басталар алдында елімізге жақсы танымал өнер иелерін әңгімеге тартқан едік.

Майра Ілиясова:

– Маған қайырымдылық шарасы жат емес. Мен де анамын, әжемін, сондықтан бала үшін жаны ауырған ата-ананы жақсы түсінемін. Біздің “Жан Анам” қайырылымдық қоры жылына бір рет қасіретке тап болған, бірақ жақсылыққа үміті бар жанға қайырымдылық концертін ұйымдастырып береді. Қордың құрылғанына он жыл болса, Әлихан сондағы оныншы бала.

Тілші:

– Осы шараға үш күніңізді арнап келіпсіз. Қызылжар өңірі сізге ұнады ма?

Майра Ілиясова:

– Бұл менің Солтүстік Қазақстан өңіріне бірінші рет табан тіреуім. Айып етпеңіздер, бірақ мен бұл өңірге келіп, қазақтың өнерін, әнін, дәстүрлі әнін сүйетін қауымды жинай алмаймын деп ойлайтынмын. Сөйтсем, өнерсүйер қауымның қаймағы осында екен. Мен кешеден бері облыс орталығын аралап, мешітке барып, Әлиханның айығып кетуі үшін аруақтарға Құран бағыштадым. Солтүстікқазақстандықтар өздерінің салмақты да сыпайы мінезімен айналасына жақсы энергетика шашады екен. Сондай-ақ, бұл шарадан облыс әкімдігінің сырт қалмауы да қуантты. Ал тыңдармандардың ықыласы мені бүгін тіпті тәнті етті.

Тілші:

– Алдағы уақыттарда арнайы келетін боларсыз?

Майра Ілиясова:

– Әлбетте. Енді осы жаққа келіп, өнер көрсетпек ойым бар. Мұндағы өнерсүйер қауым менің әртүрлі авторлық бағдарламаларыммен таныс екен. Шығармашылығыма қызығушылық танытатын тыңдармандар бар екендігі мен үшін үлкен бақыт.

Нұрлан Өнербаев:

– Биылғы жыл мен үшін қызық басталды. Жаңа жыл мерекесінен кейін маған Әлиханның әкесі Самат телефон шалды. Бала үшін жаны қиналған әкенің ниетін кейін ұқтым. Басында сенімсіздік танытқанымды жасырмаймын. Бізді көпшілік таныған соң алдап-арбап, ақша сұрайтындар жолымызда көп кезігеді. Ал Саматтың сөзінің растығын, ниетінің түзу екендігін осыдан бір ай бұрын классикалық гимназияға Сафуан Шаймерденовтің есімі берілгенде анықтап білдім. Сол жолы Саматпен жақынырақ сөйлесіп, жағдайдың жай-жапсарын ұқтым. Оның қайырымдылық концертін ұйымдастыру жоспарын құптап, бүгінде соған келіп отырмын.

Тілші:

– Қайырымдылық дегеннің өзі терең ұғым. Сіз сияқты қоғам қайраткері, өнер саласындағы адам үшін уақыттың өзі өлшеулі ғой. Мұндай шараларға келісе бересіз бе?

Нұрлан Өнербаев:

– Артық жүріспен уақытыңды өлтіргің келмейді. Бірақ адамның өмірі үшін жасалған көмек бәрінен маңызды. Мен биылғы жылды ерекше леппен өткізуді жүрегім қалап отыр. Әңгіменің басында айттым ғой жылдың өзі ерекше басталды деп. Енді биыл шығармашылығымның басым бөлігін қайырымдылыққа арнағым келеді. Биылғы Жеңістің 70 жылдығы осы мақсатымды жүзеге асыруға дем береді деп ойлаймын. Наурыз айының басында Талдықорған қаласына барып, ондағы майдан ардагерлеріне тегін концерт беріп қайттым. Бұл әлі жалғасын табады. Адамның күні – адаммен. Егер біз бір-бірімізге көмек қолын созудан шаршамасақ, бүгінгі қатал заманда ауруға шалдыққан балаға немесе ата-ананың қарауынсыз қалған жас жеткіншекке жүрек жылуын, адамдық мейірімді жеткізе білсек қана, қоғамымызда жаны ашитын, көпшіл ұрпақ тәрбиелей аламыз. Әлихан сияқты балалар көп, біз бәрін біле бермейміз. Осындай шаралар ұйымдастырылған кезде халықтың көмегімен көп нәрсе шешіледі. Бүгінгі шара арқылы жұртшылықтың назарын осындай ауру балалардың бар екендігіне аударамыз. Қайырымдылық арқылы бала өміріне араша түсу деген ниет әр адамның жүрек түпкірінде қашанда болуы керек. Бүгін мен біреуге көмектессем, ертеңгі күні өзім қиналған кезде басқадан көмек болатыны сөзсіз.

Осы күні үш әртістің қатысуымен ұйымдастырылған концерт өте жылы қабылданды. Оған сатылған билеттен түскен барлық қаржы Әлиханның ата-анасына берілді. Сондай-ақ, концерт арасында үзіліс жасалып, ортаға қойылған жәшікке тыңдармандардың салған қаржысы да Әлиханның тамыз айында Германияға барып, жасататын отасына жұмсалады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp