«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ОРДАСЫНЫҢ ОЛЖАСЫ

Құрылғанына он бес жыл толған өңіріміздегі қасиетті қарашаңырақтың бірі – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ саздыдрама театры осы уақыттың ішінде әртүрлі республикалық, халықаралық өнер додаларында бағын сынап, олжасыз оралған кезі жоқ. Жақында сахнаны қастерлеп, ерекше қадір тұтатын өнер ұжымының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестивалінде осынау өнер ордасының бас режиссері Баатырбек Шамбетов “Режиссерлік ізденісі үшін” аталымын жеңіп алды.

Фестивальға қатысушы театрлар әлемдік клас­си­калық спектакльдермен бірге, отандық авторлардың бірқатар туындыларын сахналады. Көрер­мен­ тағылымды тарихымыздан сыр шертетін құнды қойылымдармен қатар, драматургия классиктері У.Шекспир, А.Чехов, Н.Гоголь, Ш.Айтматов сынды авторлардың шығармаларымен де танысты. Мұқанов театры өнерсүйер қауымның назарына “Дауылпаз баба – Қожаберген” дастанын ұсынды.

Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі фестиваль театрдың бүгінгі бағыт-бағдарын анықтауға, репертуар саясатындағы ізденістерге жол ашуға, сондай-ақ, драматургия, режиссура, актер өнерінің бүгіні мен ертеңін зерделеуге мүмкіндік береді.

Фестивальдың халқымыздың баға жетпес басты құндылығы саналатын ел Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығы аясында өткізілгендігі қуантады. “Дауылпаз баба – Қожаберген” қойылымы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында сахналанып, көзі қарақты көрерменнің оң бағасын алған болатын. Қожаберген бабамыздан қалған рухани мұраның шексіз екендігінде дау жоқ қой. Қазақ халқының қабырғасы қайысқан заманда мұңын тарқатқан “Елім-ай” әні бір төбе емес пе?! Заманының заңғар тұлғасы екендігін айғақтайтын жырау әрі қолбасшының бет бейнесін қойылым барысында аша түстік деп ойлаймын, – дейді Баатырбек Шамбетов.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp