«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ТАБЫСТЫРАДЫ

Елімізді мекен еткен әр этносқа өзінің ұлттық болмысын сақтап, тілі мен ділін, мәдениетін жаңғыртуға жағдай жасалғаны белгілі. Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған этномәдени бірлестіктер талай жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді.   

Елімізде жер иесі – қазақтар өзгелердің басын біріктіретін, ұйыстырушы ұлт болғандықтан, бізге артылар жауапкершілік зор. Осы орайда өзгелер этномәдени бірлестіктер құра отырып, тілін, ділін жаңғыртуға тырысса, біз қазақ мәдениеті орталықтары арқылы оларға татулықты ту етіп, бірлікті бекемдеуді үйретеміз. Қазақ мәдени орталықтарының көздегені – этнобірлестік өкілдерімен араласа жүріп, оларға қазақ халқының ұлттық болмысын таныстыру. Жамбыл ауданында отыз жыл бұрын құрылған қазақ мәдени орталығы осы уақыт ішінде қыруар жұмыс атқарды.  Бүгінде аудандағы  ұлттық шаралардың бәрі дерлік солардың ұйымдастыруымен өтеді. Қазіргі таңда мәдени орталықтың жанында “Мерей” ансамблі, “Балдәурен” квартеті,  “Жас қыран” тобы құрылып, жұмыс істеуде.
– Өскелең ұрпақты қазақ мәдени орталығының жұмысына тарта отыра, олардың бойына күнделікті естіп жүрген татулық, бірлік деген ұғымдарды сіңіреміз. Сонымен қатар дарынды жастарға өнердің киесін ұғындырып,  сахнада өзін еркін ұстап, тыңдарманды сыйлауды үйретеміз. Ең әуелі баланың өнерге деген қызығушылығын оятып, музыкалық қабілетін шыңдаймыз. Өнерге жақын адам мейірімді болады, оның өмірге деген көзқарасы өзгелерге ұқсамайды, – дейді орталық жетекшісі Күлбаршын Рәзиева.
2005 жылы құрылған татар ұлттық мәдени орталығының өкілдері де өзгелерді бірден өнерімен баурап алды. “Ляйсан” вокалдық тобын жасақтады. Оның құрамындағы мектеп оқушылары аудан, облыс көлемінде өтетін шараларға белсене қатысып, өнерлерімен танылып жүр. Мәдени орталықтың жетекшісі Рита Галимованың айтуынша, осы жылдар ішінде татар халқының қолданбалы тұрмыстық заттарын, ұлттық киім үлгілерін жинаған еңбегі зая кетпеді. Бүгінде бір этностың дүниетанымынан хабар беретін бұл құнды жәдігерлер орталыққа экскурсияға келгендердің қызығушылығын тудырары анық. 
– Мәдениет үйінде түрлі іс-шаралар өткізілетіндіктен, мәдени орталыққа экскурсияға келушілер өте көп. Тек аудан, өңір тұрғындары ғана емес,  көрші Қостанай облысынан да ат арытып келетіндер бар, – дейді Рита Галимова.
Орталық жетекшісі үш тілді жетік меңгергенін атап өткен жөн. Бір кездері облыс орталығындағы Достық үйінде өткен “Менің Қазақстаным” фестиваліне қатысып, қазақша ән шырқап, көптің көңілінен шыққанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ.
 Ася Янгулбиева жеті жылдан бері шешен ұлттық мәдениеті орталығына жетекшілік етіп келеді. Әкесі қазақ, анасы шешен Ася Әскерқызының екі ұлттың дүниетанымын жақсы білетіндігі орталықтың жұмысынан-ақ көрінеді. Әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңген бұл түйсік оның басты бағдарына айналғандай. Ол бірлігі бекем, тірлігі мығым, татулықты ту еткен ел атанып, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып кетуімізге өзіндік үлесін қосуда. Орталық жанынан құрылған “Зама” тобы шешен халқының ұлттық биін көрерменге ұсынып, дүниетанымын дәріптеп, этносаралық татулықты насихаттауда.
– Менің мақсатым – тау халқының мәдениетін қазақстандықтарға таныстыру және қазақтың мәңгі сарқылмас рухани мұрасын дамытуға жеке үлесімді қосу. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Игі ісім қазақ халқына деген ыстық ілтипатымды, шексіз ризашылығымды бейнелейді. “Зама” би тобының құрамында ересек және кіші топта 14 адам өнер көрсетеді, – деген Ася Янгулбиева бірін-бірі жатсынбай, ассуымен бөлісіп, сүттей ұйып отырған Қазақстан әлемдегі ауызбіршілігінен айырылған көптеген елдерге үлгі екенін айтады. Ал Жамбыл аудандық Мәдениет үйіндегі этнобірлестіктердің өзара байланысына қарап, өнер де табыстырушы күшке ие екенін аңғаратындаймыз.


 
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp