С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы жыл сайын наурыз айының 27-ші жұлдызында тойланатын Халықаралық театр күнін биыл да жоғары деңгейде атап өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысып, өнер ұжымын мерекемен құттықтады.
– Халықаралық театр күні 1961 жылдан бері тойланып келеді. Осынау мерекемен, ең алдымен, өңіріміздегі іргелі өнер ордасының қадірлі көрермендерін құттықтағым келеді. Биыл еліміз тұғырлы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесін атап өтпек. Бұл – ел тарихындағы айтулы оқиға. Облысымыздың сексенжылдық мерейтойы да небір марғасқалардың кіндігін кескен қасиетті Қызылжар халқы үшін зор қуаныш. Егемендіктің арқасында осындай айтулы мерекелеріміз тойланып, жоғалған рухани құндылықтарымыз қайта жаңғыруда. Сәбит Мұқановтың атын иеленген театрдың орны бөлек. 15 жыл ішінде театр ұжымы өздерінің бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарған қабілеттерінің арқасында биік белестерді бағындыра білді, – деген Анархан Қалиқызы өңір мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін театрдың директоры Біржан Жалғасбаев пен театр экономисі Шынар Шалабаеваға облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Содан кейін жылдағы дәстүр бойынша еңбекте озық танылған өнер иелеріне “Ең үздік театр қызметкері”, “Ең үздік эпизодтық рөл”, “Екінші пландағы әйел бейнесі”, “Екінші пландағы ер бейнесі” аталымдары бойынша құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген театр әртістері сахнаға көтеріліп, мерекеге орай әзірлеген концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Меңсұлу РАХМАТОЛЛА,
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің IV курс студенті.