Оның бұл дүниеден өткеніне де ширек ғасыр болыпты. Көзін көрген қатарластары, үзеңгілестері ортамызда жүргенімен, есімін жаңғыртып, естелік айтпапты. Аға буын ауызға алмаған соң кейінгі ұрпақ атын да естімеген. Жас буын түгіл, орта жастағылар да: “Ол кім?” – деп сұраулы жүзбен қарайды. Сұрастырсам, ұлттық рухының өзі бір мақалаға арқау болатын ақын-жанды азамат екен. Текті топарықта туған бекзада болмысты Ғабдолла Қожабаевты танитындардың барлығы: “Ол өзі де, қолы да ашық, өмірге ғашық ақжарқын азамат еді”, – деп сипаттады. Бұл мінезі де бойына біткен дарынындай анасы Рақила шешейден дарыған. Өзі солай депті. Бойына біткен дарыны демекші, анасы оған өнерге құштарлықты дарыта білді. Көкірегіне жырдың нұрын септі. Сондықтан да ол алғашқы жырларының бірін анасына арнаған. Бала көңілден шыққан бұла жыр арқылы:
Өзің құйған көңіліме нұр қандай,
Көп нәрсені сен ұқтырған сыр қандай.
Қиындық пен қуанышта қасымда,
Ақыл қосып боласың сен тұрғандай.
Мен өзіңе жас болсам да кешегі,
Құрбылардан қалмай жүрмін көш елі,
Өз халқымның ұланымын, қажет пе
Елім үшін от пен суды кешемін, – деп анасына серт бергендей болады. 48 жасында қиылған қысқа ғұмырында осы сертінен бірде-бір рет таймаған. Кеңестік идеология мойынға қарғыбау салып, тынысты тарылтқан кезде де рух еркіндігін сақтай білген Ғабдолла Қожабаевтың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін тек таңданыспен айта аламыз.
Бұл сөзіміз түсінікті болуы үшін ұлтжанды азамат жайлы естелігімізде оның өмір жолына да тоқталсақ. Ғабдолла Қожабаев – үйдегі бас көтерер ер бала. 1959 жылдары 16 жасында трактор руліне отырды. Жер жыртты, қар тоқтатты. Бұғанасы қатпаған бала ауыр жұмыстың бел ортасында жүрді. Жоғары білім алғаннан кейін мектепте мұғалім, одан соң мектеп директоры қызметтерін атқарыпты. Әр жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет істеді. 1980 жылдардың ішінде бұрынғы Возвышен ауданының (қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы) “Писарев” кеңшарында партком хатшысы қызметін атқарды. Енді көз алдыңызға сол кездегі облыстағы айтыскер ақындардың бірі, әуенді әнші Ғабдолла Қожабаев пен коммунист Ғабдолла Қожабаевты елестетіп көріңіз. Олай болуы мүмкін емес сияқты.
– Компартия қызметкерлері ерекше екшеленіп тұрғанда ән салып, сауық құрғанға кекете қарайтын кезеңде парторг Ғабдолланы теледидарға талай шақырып, көпшілік көрермендерге әнін тыңдаттық. Сол шақырғандардың бірінде де: “Келе алмаймын, қолым босамайды”, – деген емес. Ебін тауып жететін, әндетіп кететін еді. Жосылып жатқан жоспардың жетегіне жегіле жүріп, жетімсіреп қалған қазақ өнерінің жалына жармасып, оның Қызылжар өңірінде алға басуына өзінше атсалысқан жалынды жігіт-тұғын. Ұлтының өнеріне атын бұрмаған атқамінерді “шықпа жаным шықпа” деп жүрген кездейсоқ қызметкер-ау деп қалатыным бар. Ал Ғабдолла Қожабаев болса “қызметім – өнердің садақасы” деген өрісі кең, мәдениеті жоғары, білімі терең, толымды тұлға болатын, – дейді сол кезде облыстың бас ақыны болып жүрген Бүркіт Бекмағанбетов.
Бұл сөзінің жаны бар. Адал еңбегімен көтерілген лауазымнан, коммунистік идеологиядан ұлттық мүддені жоғары қоя білген Ғабдолла Қожабаев қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, асқақтату үшін партия қатарынан да кетті. Ол былай болған екен. Партияның әлі күш-қуаты өзінде, пәрмені мықты кезі. Возвышен аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы ұлттық өнердің ауыр жүгін көтеруге бел буған Ғабдолла Қожабаевты шақырып алып: “Не партия, не айтыс?” – деген таңдау қойыпты. Сол кезде ішкі қайсарлығын танытқан Ғабдолла Қожабаев азат басын құл қылмай, ата-бабадан келе жатқан ұлттық өнерді таңдап, партия билетін коммунистің қолына ұстатып кеткен көрінеді. Осыдан кейін бірнеше жыл жұмыссыз отырса да, күйзеліп налымаған. Керісінше, бала жасынан тұла бойына тұнған өнерді алмастай жарқыратып көрсетуге арнаған.
Ғабдолла Қожабаев өнерге орда бұзар отыз жаста емес, құлындай шауып, құлдыраңдап жүрген кезінде қадам басты. Ананың әлдиімен құлағына тұнып, қасиетті ақ сүтпен бойына сіңген төл өнердің құндылығын бала санасы түсінбесе де, жүрегі сездіртті. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезінен бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән салады. Алғашқы концерті өнер әлеміне алған жолдамасы еді. Ең алғашқы тыңдарманы да, сыншысы да – анасы Рақила шешей: “Құлыным, өте жақсы айттың, тек ендігәрі қысылма. Өлеңді еркін айт. Сенің даусың зор да ашық”, – деген екен. Бала үшін ананың мақтауынан артық не бар?! Сол концерт, сол баға Ғабдолланы өнерге жетелей түскені анық.
1977 жылы халық шығармашылығының Бүкілодақтық бірінші фестивалі өтіп, онда Ғабдолла Қожабаев әйгілі “Қаламқас” пен Э.Колмановскийдің “Сүйемін өмірді” әнін орындап, лауреат атанады. Жүзден оза бәйге алу оңай емес қой. Ол бұл жеңісіне қолы жұмыстан сәл босаған сәтте әнге арнайы дайындалудың арқасында, таудай талаптың, талмай талпынудың, әр дыбысты әсерлі де толымды жеткізудің, тамаша ашық баритон дауысының мүмкіндігін пайдалана білудің нәтижесінде ие болды. Ол осы жеңісінен кейін де талай конкурстардың лауреаты атанды. Өнері шыңдалған сайын дарын иесінің тынысы ашылғандай болды. Ол әнші ғана емес, ән де шығаруға әуестенді. Сонымен бірге ақындық өнерге де құштарлық танытты.
– 1979 жылы облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Қазылар алқасы оның өлеңінің оттылығын, ойының тереңдігін, тұжырымының жинақтылығын бағалаған болатын. Сол жолы оның “Туған жер” деген толғауы айтысының беташарындай болып еді, – дейді Бүркіт Бекмағанбетов.
Суыңның өзі мен үшін балдай,
Түніңнің өзі самалды таңдай.
Қияңнан келем көзімді алмай,
Қиялдап келем сезімтал жандай.
Көңілдің көзі, дананың сөзі,
Анамсың өзің, анамсың өзің.
Тасқынды қызу тереңде өмір,
Мереке бақыт – даламсың өзің, Туған жер! –
деп өлеңнің барымтасы – айтысқа осындай қадаммен келді. Осынау бір айтыс кезіндегі өлең жолдары оның жүрек қылын басып, өмірінің өр тұлғасына айналған туған елге деген балалық сүйіспеншілігінің айғағындай. Оның кейбір жыртолғаулары ауыл арасында әуесқой әншілердің орындауларында айтылып та жүрді.
Сөз құдіретімен халықтың жүрегін тазартуға, жан сарайын арайландырып, абыройын асқақтатуға бел буған Ғабдолла Қожабаев 1985 жылы Солтүстік Қазақстан және бұрынғы Гурьев облыстарының республикалық телевизиялық ақындар айтысына қатысады. Гурьевтік ақын Сембай Бердімұратовпен “Өтірік өлең” айтысында сынға түсіп, фантастикалық қиялға, күлкіге құрылған әдемі әзіл құра білген. Осы айтыста біздің өңірден барған команда жеңіспен оралып, алғашқы күні ұйымдастырушыларға: “Екі пайыз қазағы бар облыспен бізді айтыстырып, мазақ қылып отырсыңдар ма?” – деп тулап, менсінбеген Гурьев облысының ақындарының аптығын басады.
Үлкен сахналарға шығып, суырыпсалма өнердің жалына қолын тигізгеннен кейін оның шырқау шыңына жетуді мақсат тұтты. Ел алдына шыққан сайын халық тұяғы құс қанатынан ұшқыр жылқы текті жүйрік жырды жанымен сүйетін айтыстан аузымен құс тістеген, буырқанған шабытты көруге ынтызар екенін түсінді. “Ертеден салса, кешке озған, ылдидан салса, төске озған” айтыс ақыны осы қасиеттен мақұрым болса, онда жұрт алдына шықпай-ақ қойса да болады. Сол үдеден шығуға тырысты. Енді Ғабдолла Қожабаев айтыскер ақын ретінде ізденіс үстінде болды. Бұл өнер әншілігінен де қиындау соққан болар. Бірақ қанаты қайырылмады. Бір кездері дәл осындай мұқалмас жігермен домбыра тартуды да үйренген екен. Себебі, шығарған өлеңдерін домбыраға қосып айта алмай, тіпті “Домбыра ойнай алмайтын айтыскер ақын бола ма?” – деген сөзді де естіді. Сол үшін қазылар бағасын да төмендетіпті. Өнерін өз деңгейінде бағалата алмаған Ғабдолла Қожабаев домбыра үйренуге бел буыпты. Икемге келмеген саусақтары қанша қажалса да, домбырадан дыңғырлаған емес, күмбірлеген дыбыс шыққанша жаттыққан. Жасынан машықтанбағандықтан, оңай соқпағаны белгілі. “Тастасам ба екен?” деген шаршауды “Үйренуге міндеттімін!” деген жігер жеңіп, домбыраны бір адамдай тартатын деңгейге жетті. Оның өзін-өзі қамшылап, талмай, тынбай еңбектенгеніне сахнада жүрген әріптестері емес, үйдегі зайыбы – Зәуре жеңгей мен ұлдары – Азаматы мен Саматы ғана куә. Дарынын жетілдіріп, білмегенін үйреніп, үнемі ізденіс үстінде жүретін ағамыздың алмас қылыштай жарқырайтын күні жақындаған еді. Өзі де сол күнге тезірек жеткісі келіп, асыққандай болған. Әттең, қысқа ғұмыры орта жолда кілт үзілді. Сергеев ауданының (қазіргі Шал ақын ауданы) мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болған. Биікке бастаған соқпақ жолдан бір із өшті. Қаншама арман адыра қалды?! Өнердің ауылынан бір елі де алыстап көрмеген Ғабдолла Қожабаев ұмытатындай жан емес екен. Миығына мың қатпарлы сыр жасыра жүріп, әнтек жымиып қойып, айналасындағылардың өнбойына жылы ағыс құятын қарапайым мінезді Ғабдолла ағамыз ел қадірлейтін азамат еді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.