Серік Өтепбергенов отбасымен 2005 жылы Өзбекстаннан тарихи Отанына қоныс аударған болатын. Олар бұл күндері Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында түтін түтетуде.
1998 жылы Өзбекстан Республикасында өткен “Талант таңдау” байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Серік Жанайұлы Қызылжар ауданының орталығына көшіп келгеннен бері қазақтың қара домбырасын қолынан түсіріп көрген емес. Есесіне “отын оттап, суын ішіп” жатқан ауданның атынан жыл сайын сайысқа түсіп, сол жылдары кенжелеп қалған айтыс өнерінің қайта жаңғыруына бір кісідей үлес қосты. Содан бері қол жеткізген табыстары да, шыққан биіктері де аз емес. 2006 жылғы облыстық наурыз айтысында жүлделі үшінші, келесі жылы екінші орын алып, сөз құдіретін түсіне білетіндігін танытты. Сол жылы Оралхан Бөкей атындағы облыстық көркемсөз оқушылар байқауының бірінші, 2007 жылы “Жақсы көңіл күй шебері” байқауының бас жүлдесін жеңіп алса, 2008 жылы Түркістан қаласында өткен халықаралық термешілер байқауында лауреат атанды. 2011 жылы облыстық “Отбасы – алтын діңгек” байқауында бірінші орын иеленген де осы Серік Өтепбергеновтің шаңырағы.
Қызылжар аудандық Мәдениет үйінде әдіскер болып еңбек етіп келе жатқан Серік ақындығымен бірге термеші, әнші, әуесқой сазгер және сахна өнерін бір кісідей түсінетін актер ретінде де танылып жүр. Облыстық, аудандық наурыз мерекесіндегі сән-салтанат пен сахналандырылған көріністер Серіксіз өтпейді десе де болады. Өнерді жанына серік еткен азамат жан жары Жанатпен бірге Алма есімді қыз бен Бүркіт, Талғат есімді екі ұл тәрбиелеп отыр. “Әке көрген оқ жонар” дегендей, олар да жас кезінен әнге құмарлығымен танылып келеді.
Петропавлдағы өнер колледжінің 3-курсында оқитын қызына Серіктің:
Жүрегімде қуаныш, бек
тасыдым,
Дүниеге келіпті текті асылым.
Жайнап өссін, еркелеп Алма
қызым,
Қызғалдағы болған соң отбасының, – деп тебірене жыр арнауы да тегіннен-тегін емес. Бұл күндері атасының тегін иеленген Алма Жанай халық әндері мен Қазақстан композиторларының танымал туындыларын “құлақ құрышын қандыра” орындауымен жұртшылыққа танылып жүр. Әкесінің “Қызылжарым” әнін де жиі шырқайды. Ол “Звезды Приишимья” байқауының жеңімпазы, Семей қаласында өткен республикалық Абай оқулары мен “Көңілім әнді ұғады” байқауларының жүлдегері, үздік орындаушы жүлдесінің иегері.
Осы өнер колледжінің 1-курсында оқитын Бүркіт Жанай өзінен музыкалық аспабы үлкен кезден бері қазақтың қара домбырасымен ән салып келеді. Соңғы кездері эстрадалық әндерді орыс және итальян тілдерінде орындап жүр. Ол алты жасынан бері облыстық және республикалық байқауларға аудан атынан қатысып келеді. Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық “Маленькая звездочка” байқауында ең жас қатысушылар арасында лауреат атанып, Қарағанды қаласында өткен республикалық Дельфий ойындарында – екінші, Семейдегі Абай оқуларында – екінші, Алматы қаласында өткен халықаралық “Күншуақ” балалар байқауында эстрадалық ән аталымында бірінші орындарға қол жеткізді. Ол – жүлделі орындармен бірге “Қызылжар ауданының патриоты” құрмет белгісінің иегері атанып, Алматы қаласында шыққан “Надежды Казахстана” кітабына есімі жазылған өнерпаз.
Аудан орталығындағы “Парасат” мектебінің екінші сыныбында оқитын кенже ұлы Талғат та ән салады, саз әуенімен ырғала билейді. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген осы болса керек.
Серік – өз ауданының “отымен кіріп, күлімен шығып жүрген” мәдениет қызметкері, елін, жерін сүйген патриоты. Сондықтан “Бескөлім, менің Бескөлім” деп толғанады, көне шаһар – Қызылжарды асқақтатып, әнге қосады.
– Таяуда әр жылдары жазған термелерімді, толғауларымды, жырларымды жинастырып, жеке жинақ етіп шығаруға әзірлеп қойдым. Алайда, қаржы тапшылығынан жарық көре алмай жатыр. Өз сөзіме жазылған бірнеше әнім бар. “Сағындым ғой” әнін қызметтес әріптесім Бауыржан Аяпбергенов орындап жүр. “Астанам – ару қалам” әні Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, жерлес әнші Эльвира Нұрғожинаның дауысына келетіндіктен, өнерпаз қарындасыма тарту еттім. “Әкеме тілек” әнін өзім ғана айтамын. Таяуда Отбасы күніне байланысты ұл-қызыммен сахнаға шығып, 20 жылдық шығармашылығыма орай жерлестерім алдында есеп бердім. Жерлестерімнің қолпаштауына қарағанда жаман болмаған сияқты. Қолдың қысқалығына қарамастан, ұл-қызымды додалы байқаулардан қалдырғым келмейді. “Қанат ұшса қатаяды” дегендей, олар да бақтарын сынап көрсін деймін, – дейді мәдени ортада өзіндік орнымен танылып жүрген Серік Жанайұлы.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.