«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМДЕРІ САПАЛЫ ӘРІ ӨТІМДІ

 

Шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар дайындайтын “Шаров В.Н.” жеке кәсіпкерлігінің өңір экономикасына қосып отырған үлесі зор. Виктор Шаров осыдан он алты жыл бұрын шұжық жасайтын цехтың қазығын қаққан кезде табиғи таза өнім шығаруды басты мақсат еткенін, бүгінде сол ұстаным серіктестіктің беделі мен табысын асқақтатып отырғанын айтады.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында: “Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. “Made in Kazakhstan” бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс”, – деген тапсырмасын бүгінде кәсіпкер санасына түйіп отыр. Бұл тұжырымды “Шаров В.Н.” жеке кәсіпкерлігінің өндіріс директоры Надежда Шеремей де қолдайды.

– Нарықтың экономика талаптары қатал. Ол талаптарды басшылыққа алмасаң, кәсібіңді дамыту мүмкін емес. Біздің цехтан шығарылатын өнімдердің қазақстандық, халықаралық стандарттарға сай болуы басшыға да, оның қол астындағы еңбеккерлерге де үлкен міндет жүктейді. Серіктестікте еңбек етіп жатқан 46 адам осы жүкті қара нардай көтере білуде, – дейді Надежда Шеремей.

Осыдан үш жыл бұрын кәсіпорын шұжық дайындаудың жаңа технологиясын қолға алған болатын. Серіктестік – бүгінде өңірімізде шикілей қақталған шұжық өнімдерін жасайтын жалғыз кәсіпорын. Бұл іс сырт көзге жеңіл көрінгенімен, бір шұжық дайындау үшін біраз уақыт керектігін айта кеткен жөн. Ал өнімге деген сұраныстың күннен-күнге өсуі тауардың көпшілікке ұнайтындығының белгісі болса керек. Былтыр осы өнім түрімен кәсіпорынның өнімділігі 20 пайызға өскен. Кәсіпкер бұл жоспарын жүзеге асыру үшін банктің несие қаржысын пайдаланады. Ал несиенің жылдық үстемеақысына берілген мемлекеттік демеуқаржыны үлкен несібе санайды.

Бүгінде шикілей қақталған шұжық өнімдері кәсіпорынның бренд тауары болып табылады. Өңір нарығындағы сұраныс аз емес, басқа облыстардан да үлкен тапсырыстар түсуде. Дәмі мен иісіне қарай және қақталу үдерісіне сәйкес шұжықтың 19 түрі жасалады. Соның төртеуі биыл қолға алынып отыр.

– Таза шикізаттан жасалатын өнімдеріміздің қауіпсіздігіне кепілдік бере аламыз. Оның бала ағзасына да ешқандай кері әсері жоқ. Шұжықтың әр түрі өзіндік дәмімен, иісімен, табиғи құнарлығымен ерекшеленеді. Біздің мақсатымыз, отандастарымызды таза да сапалы өніммен қамтамасыз ету. Тұтынушылардың талабы жоғары. Сұранысқа сай өнім өндіруді көздейміз, – дейді Надежда Васильевна.

Серіктестік Есіл және Шал ақын аудандарында шикізат жинайтын орталық ашқан. Десек те, шикізат тапшылығы сезіледі. Соңғы уақытта күн сайын қымбаттап жатқан мал еті өндіріске кері әсерін тигізуде. Шикізат қымбатшылығы өнімдердің бағасын көтеруді қажет етсе де, серіктестік оған аяқ баспай отыр. Өндіріс басшысының айтуынша, шикізаттың бағасы тұрақталғанша сабырлық сақтау маңызды. Былтыр ай сайын 15 тонна өнім өндіру жоспары орындалса, биылғы меже де осы мөлшерде игеріліп келеді.

– Нарықта мұндай қиындықтар жиі орын алады. Қара бастың қамымен табыс алуға ұмтылуға болмайды. Уақыттың қиындығын жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Кейде кәсіпорынның қалыпты жағдайын сақтап қалу үшін еңбек ететін кездер болады. Бұл өтпелі кезең, – дейді Надежда Шеремей.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕРДЕ: (солдан оңға қарай) кәсіпорын жұмысшылары Д.Ташкенова мен М.Яковенко; өндіріс директоры Н.Шеремей мен цех басшысы Т.Вотякова.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp