Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылындағы “Векерле” жеке кәсіпкерлігінің құрылғанына биылғы мамыр айында он жыл болады. Бұл былай алып қарағанда, аз уақыт емес, жұмысын ұтымды ұйымдастыра білген, қолынан іс келетін адамға біраз шаруаның басын қайыруға болады. Әлбетте, ойға алғаныңды қолға алмас бұрын оны таразылағаның жөн, одан әрі кәсібіңді сәтті бастап кететіндей жағдайың болуы керек. Юрий Векерле де алғаш рет ағаш өңдеу цехын ашар кезде ертеңгі күндерім қалай болады, жұмысым оңға басып, еңбегім көптің кәдесіне асып, пайдасына жарап жатса екен деп қобалжығаны да анық.
Қазір нағыз заманауи техниканың алға басқан кезі болғандықтан, онсыз қолың байлаулы сияқты, ештеңе тындыра алмайсың. Бұл орайда, бәрі бірдей аяқастынан оңай-ақ орнай қалмайтынын түсінетін кәсіпкер алдымен “Көрпеңе қарап көсіл” дегендей, тындыратын жұмыстарын шамасы келетіндей деңгейде жоспарлап, одан түскен азды-көпті пайданы үнемдеп, өзінің шағын кәсіпорнының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға тырысқан. Алдымен жеке кәсіпкерліктің қаражаты бір-екі станок сатып алуға жетсе, бірер жылдан кейін цехтың жұмысы бірте-бірте жанданып, одан шығарылатын өнімдердің саны көбейіп, өтімділігі жақсара түсуінің арқасында табыс көзі ашылғандай біршама артқан. Қазір шағын ұжымның жұмысы толыққанды қалыпқа келген. Онда он бес адам тұрақты жұмыс істейді. Жаз айларында жұмыс көлемінің артуына байланысты еңбек ететіндердің саны отыз адамға жетеді.
– Жұмысымыз жыл он екі ай бойы бір тоқтамайды. Цехта ағаштан жасалатын оннан аса өнімнің түрін шығарамыз. Жеке кәсіпкерлігіміз өз жұмысын жаңа ғана бастаған кезде қоршау қадалар, төрт қырлы бөренелер, әртүрлі мөлшердегі тілінген тақтайлар, отындық ағаштар, қыс мерзімдерінде жолдарды қар алып қалмауынан қорғайтын қалқан тақталар шығарумен ғана айналысып келсе, қазір басқа да тапсырмаларды орындаймыз. Фермерлік шаруашылықпен айналысатындардың құрылыс жұмыстарына қажетті түрлі материалдарды көптеп әзірлейміз, – дейді Юрий Векерле.
Кәсіпкермен әңгіме барысында аңғарғанымыз, жиһаз жасауға қажетті материалдарға сұраныс жақсы екен. Оған тапсырыс Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында жиһаз шығарумен айналысатындардан түседі. Сондай-ақ, мұндай материалдар Алматы, Шымкент қалаларына да жөнелтіліп жатады. Бұл жеке кәсіпкерлік еліміздегі металлургиялық зауыттармен де тығыз байланыс орнатқан. Олар тығырық үшін пайдаланатын ағаштан жасалған материалдарға жиі тапсырыс береді. Цехта оның үш түрі жасалады.
Еңбек өнімділігінің ойдағыдай болуы алдымен жұмысшыларға жасалатын жағдайдың қолайлылығына тікелей қатысты. Мұндайда ұсақ саналатын мәселе болмауы тиіс. Біріншіден, ұжым мүшелерінің жұмыс істейтін орындары талапқа сай болуы керек. Бұл орайда, ағаш өңдеу цехының қыстың суығында да жып-жылы екенін айтқан жөн. Жұмысшыларға арнайы киім берілген. Әр адамға алдымен күнкөрісі үшін қажет атқарған еңбегінің ақысы болса, оның кешіктіріліп берілген кезі жоқ. Олар жақсы жұмыстары үшін сыйақыдан да құр қалмайды.
Цехтағы құрал-жабдықтарға келсек, бүгінде өнімділігі жоғары станоктардың жеті түрі орнатылған. Кәсіпорында екі ленталық-аралау, бөрене тілетін, ағаш кескенде бірнеше операцияны бірдей атқаратын және циркулярлық станок орнатылған. Бұлардың арасындағы рейсмустық станоктың басқаларымен салыстырғанда өз ерекшелігі бар. Ол арқылы кедір-бұдыр ағаштардың өзінен беті жылтыраған тақтайлар дайындалып шығарылады.
Жеке кәсіпкерліктің басшысы Юрий Векерле 2008 жылдан бері орман пайдаланушы болып саналады. Цехқа қажетті ағаш сол жерден кесіледі. Бірақ Юрий Васильевичтің осы жөнінде жасалған келісімдегі талаптарды бұзған кезі жоқ. Орман-тоғай да байлығымыз саналатындығын жақсы түсінгендіктен де шығар, кесілген ағаштардың орны жылда мұқият тазартылады, орман алқаптарын қалпына келтіру үшін жас көшеттер отырғызылады. Ұжым шағын болғанымен, атқарып жатқан жұмыстарымен көпшілікке танылған жеке кәсіпкерлік аудан өміріне қатысты игілікті шаралардан да шет қалған кездері жоқ. Мәселен, Білім күні қарсаңында ұйымдастырылатын “Мектепке жол” акциясына үнемі қатысады. Қарттар күнін де назарларынан шығарып көрген емес. Соғыс ардагерлеріне, зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Мектептер мен балабақшаларда жүргізілетін абаттандыру жұмыстарына да белсене қатысады. Аудан көлемінде есімі алдыңғы қатарлы кәсіпкер деп танылған Юрий Векерле әр кез қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында. Оны, әсіресе, аудандық “Нұр Отан” партиясы филиалының бөлімшесінен жиі көресің. Ол төрағалық ететін бастауыш ұйымға 22 адам мүше.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.