«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМДЕРІ ТАНЫМАЛ

Петропавлдағы “Казмясопродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдері облыс тұрғындарына кеңінен танымал. Тамақ өнеркәсібінде өзіндік қолтаңбасы бар серіктестіктің өнімдері тұтынушылар сұранысын толық қамтамасыз етуде. Әлеуеті жоғары кәсіпорын алдағы уақытта өнімдерді экспортқа шығаруды жоспарлауда.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, халықаралық жүлде иегері атанған аталмыш серіктестік жаңа жылды жағымды жаңалықпен бастады. Испаниядан салтанатты рәсімге арнайы шақыру қағазын алған “Казмясопродукт” ЖШС-нің бұл жеңісі облысымыз, облысымыз ғана емес, еліміз үшін де зор мақтаныш. “Global Trade Leaders Club” клубының халықаралық жүлдесі биік белестерге ұмтылуға қанат бітіретінін айтқан серіктестік директоры Аркадий Вознюк тұтынушылар нарығында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейтіндерін жеткізді. Бұрынғы ет өңдеу комбинатының негізінде құрылған “Казмясопродукт” ЖШС сүр ет пен шұжық өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпорын қазіргі таңда 98 адамды жұмыспен қамтып отыр.

– 2005 жылы жергілікті тауар өндірушілермен нарықта бәсекеге түсу оңай болған жоқ. Біз әр тұтынушы үшін күресеміз. Ал олардың көңілінен шығу үшін сапалы өнім шығаруымыз керек. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жаңартып, комбинатта жұмыс істейтіндердің жағдайын жақсартуға назар аударамыз. Өйткені, ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайының түзелуі жұмыстың сапасына оң әсер етеді, – дей келе Аркадий Дмитриевич бүгінгі таңда орташа жалақы 68 мың теңге екенін жеткізді.

Мұнда ет және шұжық өнімдерінің бірнеше түрі шығарылатынын ерекше айтып өткен жөн. Барлығы да сертификаттаудан өткізілген. Астана, Балқаш қалалары мен облыс аудандарын сапалы өнімдермен қамтамасыз ететін кәсіпорынның Петропавл қаласында он фирмалық сауда нүктесі бар. Сондай-ақ, облыс орталығындағы әмбебап және азық-түлік дүкендерінде өнімдер ерекше сұранысқа ие. Өндіріс цехы Австрия, Германия елдерінен сатып алынған жаңа технологиялармен жабдықталған. 2015 жылы “Даму” қорының қолдауымен Үкіметтен 48 миллион теңге алып, қосымша құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Серіктестіктің бас инженері Владимир Клеповті сөзге тартқанымызда ол 2015 жылы цехты қажетті құралдармен жабдықтау толығымен аяқталғанын жеткізіп, сүрленген қазы, шұжық сияқты өнімдер дайындалатынын тілге тиек етті. Әсіресе, елордалық тұрғындар арасында өнімдерге сұраныс жоғары көрінеді. Арнайы вакуумдық қаптамамен оралатындықтан, оларды ұзақ сақтауға мүмкіндік бар. Кәсіпорын тәулігіне – 2,5-3 тонна, айына 60 тонна өнім шығарады. Серіктестік директоры айтып өткендей, ұжымда тұрақтылық болуы тиіс. Әрі олар ерекше қамқорлықты сезінулері керек. Сондықтан да комбинатта жұмыс істейтін әр адам үшін тегін тамақтану мен әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Жұмысқа қатынау үшін арнайы көлік бөлінген.

Бүгінде экономикалық өзгерістер серіктестікке қандай қиындық келтіретінін сұрағанымда олар заманауи құрылғылардың барлығын шетелдік валюталармен сатып алғанын жеткізді. Бірақ бұл мәселемен жұмыс тоқтап қалмауы тиіс екенін айтқан олар алдағы уақытта қарқынды жұмыс істейтіндіктерін жеткізді. Қаржылай қиындықтар болса да, жоспар өзгерген жоқ. Бірлігі мықты ұжым үшін бұл уақытша қиындықтар, дейді серіктестік директоры.

Тамақ өнеркәсібінде көшбасшылардың бірі ретінде олардың жеткен биігі, бағындырған белесі аз емес. Аймақтық, республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Серіктестік үшін 2015 жыл жарқын сәттерімен есте қалмақ. Мәселен, Қазақстан, Ресей елдерінің Мемлекет басшыларының қатысуымен Сочи қаласында өткен халықаралық форумда солтүстікқазақстандық делегацияның құрамында “Казмясопродукт” ЖШС-нің де болғаны біздер үшін зор мақтаныш. Ресейліктердің жоғары бағасын алған теріскейдің сүр еті мен шұжығы көптің көңілінен шықты. Экспорттық байланыс орнату жөнінде ұсыныс айтылғанымен, серіктестік басшылары бұған әлі дайын емеспіз дейді. Өйткені, алысқа тасымалданатын өнімдерді сол қалпында жеткізу үшін арнайы сақтау камерасы қажет. Бірақ көршілес Омбы, Түмен облыстарымен байланыс орнату қарастырылған. Дәл осындай кездесу былтыр көктем айында Арабия елінде де өткен. Ұлттық брендіміз болып саналатын шұжық, қазымыз ол жақтағы халықтың да талайын тамсандырғаны анық. Осы орайда бұл серіктестіктің өткен жылдағы тауар айналымы миллиард теңгеге жуық болғанын да баса айтып өткен жөн. Бүгінде олар “Зенченко және К” КС, “Заградовское”, “Якорь” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен әріптестік байланыс орнатқан.

Сүр ет демекші, “Schaller” термокамерасы арқылы жылқы еті қақталады. Ал цехта осындай 3 термокамера орнатылған. Әрқайсысының құны 50 мың еуродан астам. Ал қақталған еттің кәдімгі сүрден еш айырмашылығы жоқ. Дәмі тіл үйіреді. Осы орайда серіктестік директорынан кәсіпорынның сәтті жұмыс істеуінің сыры неде екенін сұрадым. Ол еш ойланбастан ұжымның еңбегі мен ізденісінің арқасы, деді.

– Тұтынушылар ет өнімдерінің қымбат болса да, сапалы түрлерін пайдаланғанды жөн көреді. Әсіресе, қазіргі таңда жартылай дайындалған табиғи өнімдер ерекше сұранысқа ие. Ал тұрғындардың сеніміне селкеу түсірмес үшін біз әрқашан өнімдердің сақталу мерзіміне ерекше мән береміз. Халықты алдауға болмайды. Сондықтан шұжық өнімдеріне жөн-жосықсыз түрлі консерванттарды да қосудың еш мәні жоқ, – дейді ол.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp