«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМДЕРІ ӨТІМДІ

Қазіргі таңда азық-түлік дүкендерінде кеспенің алуан түрі толып тұр. Тұтынушылар олардың арасынан сапасы жоғары әрі бағасы қолжетімдісін таңдайды.

“Бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты болады” демекші, Тайынша ауданындағы Чкалов ауылдық округіне қарасты Озерное ауылында тұратын жеке кәсіпкер Бақытжан Малғаждаров жоғары сұранысқа ие “Самрұқ” сауда белгісімен кеспе өндіреді.

2004 жылы өз ісін ашқан жеке кәсіпкер 2008 жылдан бері кеспе дайындаумен айналысады. Бүгінде жұмыс цехы қажетті құралдармен толық жабдықталған. Кеспе әзірлеуге арналған негізгі кешен Қытайдан әкелінген. Алғашында кеспе дайындап шығару технологиясын өндіріске енгізу үшін арнайы технолог мамандардың көмегіне жүгінгенін де кәсіпкер жасырмады. Оның айтуынша, жоғары сапалы өнім өндіруге төмен сұрыпты ұн жарамайды, өйткені, ондай ұнның балауызы аз. Сондықтан олар жоғары сұрыпты ұнды Көкшетау қаласындағы “Майзот” ЖШС-інен сатып алады.

Кеспе дайындау үшін қамыр иленіп, жайылады, ұсақтап кесіледі, кейін кептірілуге жіберіледі. Осылайша өнімді жасап шығару үрдісі шикізат дайындау, қамыр әзірлеу, өнімді қалыптастыру, кептіру және дайын өнімді қапшықтарға салу сынды кезеңдерден құралады. Айта кетерлігі, бұл жерде қызметкерлерге де қажетінше жағдай жасалған. Кәсіпкер мемлекеттің көмегіне жүгініп, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы 3 млн. теңге несие алып, бұл қаражатқа қосымша құрал-жабдық сатып алған. Бүгінде кеспе өнімдерінің отандық нарықта өз орны бар.

–Тауар тек Тайынша, Петропавл қалалары мен облыс аудандарына ғана емес, Астана, Көкшетау қалаларына, Ақмола облысына жеткізіледі. Қазіргі таңда Ресей нарығына шығу жоспарда бар, – дейді Бақытжан Малғаждаров.

Ол 4 адамды жұмыспен қамтуда. Алдағы уақытта кәсіпорын басшысы жаңа құралды іске қосып, жайма өнімдерін жасап шығару мен жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Бақытжан Бағдатұлының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. “Қазақстанның үздік тауары”, “Жылдың үздік кәсіпкері” өңірлік байқауларында жүлдегер атанды. Бәсекеге қабілетті болу үшін сауда-саттық саласындағы икем, тәжірибе өз алдына, білімді жетілдіру де маңызды. Осы орайда бәсекеге қабілетті кәсіпкер білімді жетілдіру мәселесін де үнемі назарда ұстайды.

– Алға қойған мақсат көп. Нарыққа кіру де, ол жерде өзіңе лайықты орын иелену де оңай емес. Сондықтан инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану мен өнімнің жоғары сапалы түрлерін өндіруге күш салудамыз, – дейді.

Бұрын құқық қорғау саласында қызмет еткен ол кәсіпкерлікке бет бұрғанына еш өкінбейді. Керісінше, болашаққа жоспар құрып, атқарылуы тиіс ауқымды істерге ұмтылуда.

“Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін” демекші, кәсіпкер қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысады, үнемі демеушілік көмек көрсетеді. Нарықта өтімді өнім өндіру, өндірісті кеңейту жөніндегі ізденістерін бір сәт бәсеңдетпеген кәсіпорынның бағындырар белесі алда.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp