«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМДЕРІ ӨТІМДІ БОЛДЫ

Облыста жыл басынан бері барлығы 123 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жалпы сомасы 393,6 миллион теңгенің азық-түлік өнімдері сатылды. Петропавл қаласын және бүкіл аудан орталықтарын қамтитын жәрмеңкенің азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыруға тигізер ықпалы зор. Оны, әсіресе, соңғы бір жарым айдан бері үзбей өтіп келе жатқан “Өңір берекесі” көше жәрмеңкелерінен қала жұртшылығы да анық сезініп отыр.

Өткен сенбіде облыс орталығының М.Жұмабаев көшесінің бойындағы жәрмеңкеде 19,4 миллион теңгенің азық-түлік тауарлары саудаланды. Оған әдеттегідей облыстың 8 ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен Петропавл қаласының көптеген азық-түлік өндіретін кәсіпорындары қатысты.

Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өмірбай Омаровтың айтуынша, аудан бұл жолы жәрмеңкеге 1,5 миллион теңгенің өнімін әкеліпті.

– Жәрмеңкеге ауданымыздан 10 ауылдық округтің тауар өндірушілері қатысуда. Бір жылқы және төрт бас қара мал етін, бес-бес тоннадан картоп пен қырыққабат, 100 килограмм құс етін, 25 қорап жұмыртқа әкелдік. Жылқы етінің килограмы – 1500 теңгеден, қара мал еті орта есеппен 850 теңгеден, құс еті 800 теңгеден тұрады. Өтімі өте жақсы, өткен жолғыдай түгел өткізіп кетеріміз анық. Якорь құс фабрикасының жұмыртқаларын 130 теңгеден, балдың килограмын 1 мың теңгеден сатып жатырмыз. 700 литрден астам сүт әкеліп едік, ол қазір өтіп те кетті, – деді ол.

Сол сияқты Уәлиханов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілі Қанат Қапкенов пен Телжан ауылдық округінің әкімі Сәния Өтегенова да жәрмеңке саудасына өте разы.

– Етіміз жақсы өтіп жатыр, 6 қой әкеліп едік, төртеуі өтті. Қара мал етіне сұраныс жақсы, екі басты түске дейін сатып бітіреміз. Әкелген бал, балық және құс еті саудасы да жаман емес, – дейді олар.

Жәрмеңкеде, әсіресе, қалаға жақын жердегі шаруашылықтардан жеткізілген картоп пен қырыққабат жақсы сұраныс тапты. Бағалары қала базарларындағыдан төмен болып, картоп – 40, қырыққабат 45 теңгеден сатылды. Ал, пияз 75 теңгеден өтті. “Өңір берекесінің” бұл жолғы бір ерекшелігі онда балық өнімдері жәрмеңкесінің ұйымдастырылғаны болды. Оны ұйымдастырған облыс балықшылары ірі табан балықтарды – 300, кішілерін 100-150 теңгеден, майлы пелядь балығын 450 теңгеден ұсынды.

Қала кәсіпорындары ішінде өтімді өнімдерімен көзге түскен “Богатырский продукт” ЖШС-і, “Зенченко және К” КС-нің сүт зауыты, “Казмясопродукт”, “Петропавл ет комбинаты”, “ Молочный союз” және “Маслодел” ЖШС-лері белсенділік танытты.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp