«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМІМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛЫП, 146 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр

Жұмыртқа – арзан тауар. Онымен дайындалатын тағам түрлері көп. Құс жұмыртқасының адам ағзасына пайдасы туралы айтқанымызда оның негізгі жеті қасиетін санап беруге болады: біріншіден, сіңімді тағам асқазанға өте пайдалы және иммунды жүйені нығайтады; екіншіден, қылтамақ дертінің алдын алуға жұмыртқаның септігі зор екенін ғалымдар дәлелдеп отыр; үшіншіден, ол көзге пайдалы, оның құрамында көруді жақсартатын каратиноид, лютеин және зеаксатин бар; төртіншіден, құрамы адамның шашы мен тырнағын қатайтатын аминқышқылға, темір мен мырышқа және селенге бай; бесіншіден, онда адамға денесін сергек сездіртетін ақуыз көп; алтыншыдан, ондағы D дәрумені сүйекті қатайтып, сүйекке байланысты түрлі аурудың алдын алады; жетіншіден, оның ми-ға пайдасы мол. Сары уызындағы фолий қышқылы жүйке жасушала-рын сақтайды, – деп бастады әңгі-месін “Атай СК” ЖШСнің дирек-торы Әсет Ерсайынов.

2014 жылдың сәуір айынан бастап астаналық кәсіпкерлердің қолына өткен “Атай СК” ЖШС бизнесті қазіргі нарық заманының талаптарына сай жүргізу үшін жұмыстарын жаңаша ұйымдастыруға бағыт алып отыр. Бүгінгі таңда аталмыш құс фабрикасы өнімдерінің сатылу географиясы кеңейген, құс қоралары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құрал-жабдықтар орнатылған, сондай-ақ, нарықтағы бәсекелестікті еңсерудің ұтымды жолы – жарнаманың жаңа үлгілерін қолдана бастаған. Кәсіпорын былтыр нарыққа 75 миллион жұмыртқа шығарса, биылғы көрсеткіш 102 миллион деп жоспарлануда. Ал кәсіпорынның 2016-2020 жылдардағы стратегиялық жоспарындағы жылдың өнімділік межесі 160 миллионға жеткізілмек. Бұл сандық көрсеткіш, ал өнімнің сапасы туралы айтар болсақ, ондағы жетістік бүгіннің өзінде көңіл көншітеді.

– Жұмыртқаның сапасын жақсарту – біздің бірінші күннен қолға алған мақсатымыз. Бұл өнім дастарқанның басты ас мәзірлерінің бірі болғандықтан, тұтынушыларымызға құнарлы, дәруменді тағам ұсыну – бізге міндет.

Тауықтарды табиғи, таза, жоғары сұрыпты жемазықпен, қажетті дәрумендермен қоректендіре отырып, бүгінде сапа көрсеткішін мақтаныш ете алатындай деңгейге жеткіздік. Жұмыртқа аптасына екі рет облыстағы ветеринарлық қызмет зертханасында тексеріліп, тауарлардың сапа сертификаты айына 8-9 рет жаңартылып отырады. Былтыр өнімдерімізді Санкт-Петербургтегі халықаралық зертханаға жібергенімізде жұмыртқалардың құрамына өте жақсы сипаттама берілді. Бүгінде “Айқұс” және “Денсаулық фабрикасы” деген атаумен нарыққа шығарылып жүрген тауарларымызды кәсіпорынның бренд өнімдері деп айта аламыз, – дейді Әсет Ерсайынұлы.

Ірі кәсіпорындардың жұмысы кімге болсын таңсық. Сондықтан фабрика басшысынан жұмыстың қалай ұйымдастырылатынын сұрағанымызда ол шаруашылық жағдайын бүкпесіз жайып салды. Біріншіден, тауықтардың біркүндік балапандары Ресей елінің Свердловск өңірінен алдырылады. Бұл асылтұқымды тауықтар қатарына жататын “Кросс-хайсекс уайт” және “Кроссхайсекс браун” тұқымы біздің өңірдің климатына жақсы бейімделеді. Екіншіден, кәсіпорын бұл тауықтарды бір жарым жыл ғана өндірісте пайдаланады. Мәселе олардың бұдан әрі жұмыртқаламайтынында емес, тауықтың жасы ұлғайған сайын оның беретін өнімінің құнарлығы төмендейтінін ескерген әкімшілік осындай шешім қабылдаған. Бір жарым жастан асқан тауықтарды сатып алғысы келетіндер де аз емес. Көбіне көтерме бағамен ресейліктер әкетеді екен. Басшының сөзінен ескеретін тағы бір жайт – көлемі шағын жұмыртқаның адам ағзасына тигізетін пайдасы үлкен жұмыртқалардан асып түспесе, кем болмайды. Әдетте тұтынушылар бағасы арзан болса да, көлемі шағын жұмыртқаларды ала бермейді, алайда жас тауықтың жұмыртқасында құнар мол болады екен. Фабрикада жылдық мөлшерге белгіленген 370-380 мың тауық толықтырылып отырады. Аталмыш тұқымның әр мекиені жылына 285-290 жұмыртқа табуы ықтимал.

“Атай СК” ЖШС-нің жұмыртқалары Қазақстанның барлық қалаларында сатылады. Ресей нарығына шығарылатын өнім мөлшері аз. Десек те, басшы бұл бағыттың болашақта жанданатынына сенімді. Ал біздің өңірімізде олардың тауарларының 10 пайызы ғана сатылады.

– Облыста бірнеше құс фабрикасы бар. Сондай-ақ, Алматы, Павлодар мен Ресейдің кейбір аймақтарынан да тасылады. Бұл, әрине, үлкен бәсекелестіктің көрінісі. Дегенмен, бүгінгі таңда жергілікті сауда орындарымен келісім жасап, тауардың сатылу мөлшерін көбейтуді ойластырып отырмыз. Оған өңірдегі іргелі сауда орындарының әкімшілігі, сондай-ақ, жергілікті билік қолғабыс жасауда, – дейді кәсіпорын басшысы.

Жаңадан бой түзеп келе жатқан кәсіпорынға мемлекеттің қолдауы үлкен септігін тигізіп отыр. Былтыр олардың нарыққа шығарған әрбір жұмыртқасына 3 теңгеден демеу-қаржы берілген. Биыл да солай болмақ. Басшы бұл қаржыны инвестициялық бағдарламаны орындауға бағыттап жүргенін айтады. Былтыр кәсіпорын бір үлкен қораға күрделі жөндеу жүргізіп, испандық құрал-жабдықтар қойған. Биыл да тағы бір қора заманауи өндіріс орнына айналуда. Соған орай инвестицияға 200 миллион теңгеден артық қаржы бөлініпті. Астана қаласындағы құрылтайшылар бұл мақсатты жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктерден несие алу тәсілін де пайдаланады. Кәсіпорынның осындай күнгейлі жетістіктерімен қатар, бизнеске көлеңке түсіріп тұрған мәселелері де жоқ емес. Серіктестік басшысы өзектілік танытып тұрған жемазық мәселесін алға тартты. Кәсіпорын жемазыққа негізінен жергілікті бидай сұрыптарын пайдаланады. Алайда, көктем мен жаз айларында құстарға қорек табу қиындап кетеді.

– Көктем мен жазда бидай сататындар азаяды да, баға қымбаттайды. Жемазық қымбаттаса, тауардың өзіндік құны да өседі. Сондай-ақ, жазда жұмыртқаның сатылымы да төмендейді. Сақталу мерзімі аз тауарларды ұстап отыра алмайсың. Сондықтан өнімдерді өзіндік құнынан төмен сатуға тура келеді. Бұл – маусымдық қиындықтар. Жаз өткен соң саудамыз өз қалпына келеді, – дейді Әсет Ерсайынов.

Жаз айларында жұмыртқа бағасының төмендеуі үйреншікті. Өйткені, сырт өңірлерден тасылатын тауарлар көбейеді, қосалқы шаруашылықтар өнімдерін сатуға шығарады. Ал жемазық мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келе жатқанын баса айтқан кәсіпкер бұған мемлекет тарапынан көмек жасалмаса, мәселе қиындай беретінін жеткізді. Мәселен, мемлекет “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ арқылы төмен бағамен бидай беріп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, дейді.

Бүгінгі нарықта құстың еті мен басқа өнімдеріне бәсекелестік күрделі. Сондықтан фабриканың инвестициялық жоспарын орындау өз алдына, жарнамалық жұмыстарды да қарқынды жүргізуі қажет. Оның бір жолы ретінде ірі сауда орындарында өздерінің фирмалық сөрелерін орнату ұтымды тәсілдердің бірі деп қолға алынып отыр. Бұл сауда тетігі сырт өңірлерде қолданыла бастаған, ал біздің облыста енді жүзеге асырылмақ.

Қызылжар ауданының аумағындағы Якорь ауылында орналасқан бұл кәсіпорын сол жердің жергілікті тұрғындарын ғана емес, маңындағы елді мекендердің адамдарын да жұмыспен қамтып отыр. Серіктестікте 146 адам еңбек етеді. Олардың орташа табысы – 80 мың теңге. Еңбеккерлер арнайы көліктермен қатынап, тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Жұмысшыларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі де шешіліп тұрады. Кәсіпорын аз уақыттың ішінде маңындағы елді мекендердің әлеуметтік жағдайына араласуды міндет етіп алған. Мектепке материалдық көмек, қыста жол ашу, Якорь ауылындағы жалғыз соғыс ардагерін қамқорлыққа алу, Соколовкадағы Балалар үйіне көмектесу шаралары – кәсіпорын әкімшілігінің ұдайы қадағалауында. Сондай-ақ, облыстық күрес федерациясындағы талапты бір баланың шетелге шығуын қаржыландыруға және әлеуеті төмен отбасының бір баласының жергілікті университеттегі оқуының жылдық төлемін төлеуге үн қосқан да – осы шаруашылық.

Әңгіме барысында 2013 жылдың күзінде тауық жұмыртқасына баға көтеріліп, жұрт бір дүрліккен оқиға есіме түсіп, кәсіпкерден сол жайт туралы ойын сұрадым:

– Кәсіпкер бағаны жөнсіз көтерді деп ойламаймын. Онда жазда түсірілген бағаны қалпына келтіру әрекеті болды. Бұл – нарықтың заңы. Ал монополияға қарсы қызмет орталығы баға себепсіз көтерілді деп кәсіпкерлердің құжаттарын тексеріп, сотқа сүйреп, әуреге салды. Тексеруші орган баға мен өнімділік деңгейіне зерттеу жүргізіп, сараптама жасаған кезде соңғы үш-төрт айға емес, бір жылды есепке алуы керек. Сонда ғана істің мән-жайы анықталады. Құс фабрикалары жыл бойы тауарларын өзіндік құнынан төмен сатып, өмір сүре алмайды. Әр қадамымызды жеті рет өлшеп, бір рет кескенде ғана бүгінгі нарық қыспағына төтеп беріп, өмір сүре аламыз, – дейді серіктестіктің директоры Әсет Ерсайынов.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp