«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІГІМЕН ҚҰНДЫ

 

Аз уақыт ішінде өңірдің бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі егіс науқанына дайындық барысымен танысып үлгерген облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Елді мекендерде агроқұрылымдарды мал шаруашылығын дамыту, көктемгі егіс науқанында элиталық тұқымдарды себуге басымдық беру, қайта өңдеу саласын дамыту бойынша жұмыс істеуге міндеттеді.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі алдымен Бәйтерек ауылындағы “НұрСенАгро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асылтұқымды репродуктор шаруашылығында болды.

Бүгінгі таңда әлемде халықтың көбеюіне байланысты жылдан-жылға ет және сүт өнімдеріне деген сұраныс арта түсуде. Осы жағдайға байланысты өңірімізде мал шаруашылығының дамуына және оны асылдандыруға көп көңіл бөлінуде. “НұрСенАгро” ЖШС – осы бағытта жұмысын жандандырып отырған аудандағы агроқұрылымдардың бірі.

Серіктестік 2011 жылы Германиядан әкелген 400 бас симменталь тұқымды сиырларының санын екі есе көбейткен. Шаруашылықтың атқарушы директоры Қанат Жақсылықовтың айтуынша, солтүстік өңірдің табиғатына бейімделген қара малдың 460-ы – сауын сиырлар. Бір тәулікте сауылған 5,5-6 тонна сүт облысымыздың өңдеу кәсіпорындарына тапсырылады. Үстіміздегі жылы агроқұрылымның басшылығы қажетті заманауи қондырғылармен жабдықталған 400 басқа арналған қора салуды жоспарлап отыр.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, соның ішінде мал басын көбейтіп, ет экспортының әлеуетін арттыруды тапсырған болатын. Облыстағы мал тұқымын асылдандыру арқылы бәсекеге қабілетті өнім өндіру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Былтыр Қызылжар өңірі 755 тонна ет экспорттаған. Бірақ облысымыздың мүмкіндігі бұдан да көп. Президент белгілеген межеге жету мақсатында жұмыс істеуіміз қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бүгінде облысымыздағы 11 мыңға жуық асылтұқымды ірі қара 45 репродуктор шаруашылығында бағылуда. Осы орайда Құмар Ақсақалов облыста мал азығын дайындайтын комбинат салу қажеттігін айтты. Нәтижесінде өңірімізде мал шаруашылығын қолға алған ұжымдар сапалы мал азығымен толық қамтамасыз етілетін болады.

Облыс әкімі ат басын бұрған келесі нысан – Булаево қаласындағы кәсіптік даярлық және сервис колледжі болды. Білім ордасында 150 студент аспазшы, электргазбен дәнекерлеуші, машинист, тігінші мамандықтарын меңгеруде. Колледж директоры Ермек Бақыров былтырғы колледж түлектері түгел жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Студенттермен болған әңгіме барысында облыс әкімі дуалды оқытудың маңыздылығын, білікті мамандардың қажеттігін атап айтты. Бүгінде облысымыздағы 25 колледждің 19-ы дуалды оқыту жүйесіне көшкен. Еліміздің экономикасын алға тарту үшін білімді маман, білікті кадр керек екендігін тілге тиек еткен Құмар Іргебайұлы барлық колледждерде дуалды оқыту жүйесіне көшіру бойынша жұмыстар жалғасын табатындығын мәлімдеді.

Содан кейін өңір басшысы аудан орталығында көктемгі су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет мамандарының айтуынша, Булаево қаласының орталық бөлігіндегі көлден күн сайын 6 мың текше метр су сорылады. Нәтижесінде судың деңгейі 40 сантиметрге төмендеген. Ықтимал су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар мотопомпа және тағы басқа арнайы техника сатып алынған.

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегманов өңір басшысын ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырып, биылғы көктемгі егіс қарсаңында майлы дақылдар алқабы көбейтілгенін айтты. Жауапты науқан барысында ауданда 365,7 мың гектар жерге дәнді, ал 44 мың гектарға майлы дақылдар сіңірілетін болады.

Жергілікті ауыл шаруашылығы өкілдерімен болған кездесуде облыс әкімі өңірімізде саланың әлі де кемшін қалып отырғанын тағы бір еске салды. Мәселен, былтыр жергілікті өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы құрылымдары шығарған өнімінің тек 27 пайызы өңделген.

– Облысымызда шикізатты өңдеудің кемшін тұстары бар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғаннан кейін бұл бағытта біраз жұмыс атқарылуға тиіс. Сондай-ақ, биыл ауа райының құбылмалылығына қарамастан сапалы бидай алуымыз қажет. Мұның барлығы науқан барысында қолданылатын технологияларға байланысты. Егер біз тиісті технологияларды сақтап, элиталық тұқымдарды себетін болсақ, қамбамыз сапалы астыққа толады, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қыс айларында қардың қалың түсуі ылғал қорын молайтты. Ал жазда болатын құрғақшылықта бұл ылғалдан айрылып қалмау үшін оны сақтау амалдарын жасау қажет. Осының барлығын еске салған өңір басшысы диқандарды көктемгі егіске білек сыбана кірісуге шақырды.

Әрине, қай салада болсын көңіл сүйсінтетін оң өзгерістердің барлығына және ертеңінен елеулі үміт күттіретін игі бастамалар іске асырылып жатқанына қарамастан, аяққа тұсау болып отырған кедергілер де жоқ емес.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымыздағы орташа жалақы 97 мың теңгені құраған. Дегенмен, қолданған шараларға қарамастан облыста ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен болып отыр. Осыған орай, мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған агроқұрылым басшыларына жұмысшылардың еңбекақысын көтеруді ұсынамын , – деді Құмар Іргебайұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі Құмар Ақсақалов мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда мал шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беруде. Мақсат – еліміздің ішкі сұранысын мал өнімдерімен толық қамтамасыз ету және оның экспорттық әлеуетін іске асыру. Аталған мақсатқа ағымдағы жағдай мен ішкі сұраныстың арту перспективасын ескере отырып, қолда бар асылтұқымды мал басының сапасын арттыру есебінен қол жеткізу мүмкіндігі бар. Маусымдық емес, күнделікті еңбекті қажет ететін мал шаруашылығы арқылы жұмыссыздар санын азайтуға болатынын жеткізді. Мал шаруашылығының тамырына қан жүгірсе, тауарлы-сүтті фермалары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды еңбекке тартуға болады.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы жұмыс сапарының соңында өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, өңірді дамыту жоспары туралы әңгіме өрбітті. Шара соңында Құмар Іргебайұлы облысымыздың әлеуметік-экономикалық дамуына үлесін қосып, өңірдің қоғамдық өміріне белсене қатысқан Авангард ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Шәріповке Алғыс хат табыстады.

Жұмыс сапарының барысында облыс әкімі Аққайың ауданының Астраханка орта мектебінде модульді пеш орнатқан “Сапро-Нат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, жергілікті агроқұрылымдардың өкілдерімен кездесті.

Компанияның атқарушы директоры Әл-Тайыр Сыздықовтың айтуынша, бүгінге дейін кәсіпорын қуаттылығы әртүрлі жылу тарататын қазандық пен пештің 12 түрін жасап, екі жүзге жақын өнім сатқан. “Ұзақ жанатын пиролизді қазандықтар өндірісі” жобасы бойынша Астраханка орта мектебінде іске қосылған 400 киловаттық қазандықтың арқасында ғимаратты жылытуға жұмсалатын көмір шығыны екі есеге дейін азайған. Аумағы үлкен нысанға модульді қазандықты кәсіпорын өз қаржысына орнатқан. Бүгінде компания өңірдің бюджеттік мекемелерін қазандықпен қамтамасыз етуге дайын.

– Үстіміздегі жылы Астанада өтетін “ЭКСПО – 2017” көрмесіне қатысатын боламыз. Серіктестік жасыл энергияны күннің көзінен, желден ғана емес, көмірден де алуға болатынын іс жүзінде дәлелдеп отыр. Өнім нарықта сұранысқа ие. Қоршаған ортаны ластамай-ақ нысандарды үнемдi жылыту арқылы көмiрмен де жұмыс iстеуге болады, – деді Әл-Тайыр Сыздықов.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұндай жобаларға қолдау көрсету қажеттігін атап айтты. Себебі, жиырма бірінші ғасырда энергетика саласында сілкініс жасайтын тың жобалар қажет. Бұл модульді пештерге қарап, дұрыс бағытта келе жатқанымызды байқауға болады.

Содан кейін өңір басшысы Шағалалы ауылындағы “Солтүстiк Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжiрибе станциясы” ЖШС-нiң мал сою қосынына барды. Кәсiпорынның жұмысымен серiктестiк директоры Белгiбай Қанафин таныстырды.

Кейін жергілікті аграршылармен болған кездесуде тұқым шаруашылығын дамытуда сұрып алмастыру мен оны жаңарту мәселелері туралы айтты. Әңгіме барысында жергілікті агроқұрылым басшыларының өтініштерін тыңдаған өңір басшысы аудан әкімі Дәурен Байтөлешовке элиталы тұқым қорын көбейтуді тапсырды.

– Биыл былтырғыдай емес, қар қалың. Сондықтан жер ылғалды болатын шығар деген үмітіміз бар. Көктемгі дала жұмыстарына техникаларымыз толық дайын деуге болады. Тек ауа райының қабағына қарап отырмыз, − деген “Дайындық” ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов жанар-жағармайдың жеткілікті екендігін, егіс жұмыстарына жаңа технологияларды қолданып жатқандықтарын тілге тиек етті.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкiмi Аққайың ауданының аға буын өкiлдерiмен кездестi. Онда ауданды дамыту және алға қойған мiндеттер жайлы өзектi мәселелер талқыланды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp