
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда болған облыс әкімі Ерік Сұлтанов ондағы спорт нысандарының қызметімен танысты. Рузаев ауылдық округі басшысының есепті кездесуінде болып, тұрғындар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Новоишим ауылында өткен жылдың соңында пайдалануға берілген “Батыр” спорттық-сауықтыру кешені қазір күніне 150-ге жуық адамды қабылдай алады.
– Бүгінгі күні бассейнде 12 адам еңбек етеді. Су жолағының ұзындығы – 25 метр. Екі нұсқаушымыз бар. Жеті сауықтыру тобы жұмыс істейді. Су спортымен шұғылданғысы келетіндерге қойылатын талап – арнайы медициналық анықтаманың болуы, – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сергей Минин.
“Құлагер” дене шынықтыру-спорт кешенінің құрылысына 260 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Нысан қаңтар айында тапсырылған екен. Мұнда Ерік Хамзаұлы жас ауыр атлетшілермен кездесіп, оларды саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Кешеннің құрылысы былтырғы жылдың шілдесінде басталған. Қазір мұнда күрес, волейбол, футбол, бокс секциялары жұмыс істейді. Ондағы спортшылармен жүздескен өңір жетекшісі ұжымға жүгіру жолағын сыйға тартты.
Бұдан соң облыс басшысы Рузаев ауылдық округінің әкімі Игорь Кобялконың тұрғындар алдындағы есепті кездесуіне қатысты. 1997 жылы құрылған округке қазір 6 елді мекен қарайды. 2014 жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 2 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, көшелерге шамдар орнатылыпты. Округте ауыл шаруашылығы саласы да оң жолға қойылған.
– Былтырғы жылы округтің шаруа қожалықтары 849 гектар алқапқа дән сіңірген болатын. Күзде 1332 тонна өнім жинап алдық. Гектар берекесі орта есеппен 13 центнерді құрады. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған “Сыбаға” бағдарламасы бойынша “Корель” фермерлік қожалығы 111 бас ірі қара сатып алды. Мұнымен қоса, “Алтын асық”, “Құлан” бағдарламаларына да бұқара қызығушылық танытуда, – деді өз баяндамасында Игорь Кобялко.
Кездесуде аудан әкімі Владимир Дудовтың да есебі тыңдалды.
– Аудан тұрғындарының 91 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылды. Бұл 37811 адамды құрап отыр. “Ақбұлақ” бағдарламасы шеңберінде бірқатар істер қолға алынды. Алдағы уақытта жұмыс аяқталса, ауылдардың барлығы таза ауызсуға қол жеткізеді, – деді Владимир Дудов.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан түскен жазбаша өтініштердің арасында былтырғы жылы қолға алынған Рузаевтан Айыртау ауданына қатынайтын жолды жөндеу жұмыстарына қатысты сауал да болды.
– Бұл бағыттың биыл тағы 15 шақырымы жөнделеді. Ол үшін 320 миллион теңге қаражат бөлінді. Былтыр автомобиль жолдары алғаш рет жаңа технология бойынша осы ауданда жөнделді. Нәтиже жаман емес. Бұл 5-6 есе арзанға түседі, – деді сауалға жауап қайырған Ерік Сұлтанов.
Чернобаевка ауылының тұрғындары облыс әкімінен су мәселесін шешіп беруді өтінді.
– 25 ауылға бірінші кезекте су тартатын боламыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ол наурыз айының соңында аяқталады. Бұл тізімде Чернобаевка ауылы да бар. Тиісті қаржы бөлінді. Келер жылы мәселе толығымен шешіледі деп ойлаймын, – деді өңір басшысы.
Тұрғындар жергілікті Мәдениет үйінің шатырын жөндеуге, Рузаев ауылында жас мамандарды баспанамен қамту үшін ескі ғимараттарды қалыпқа келтіруге қатысты сауалдарын ортаға салды.
– Елбасы 11 қарашада Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Маңызды құжатта көрсетілген тапсырмаларды облыста тиісті деңгейде жүзеге асыруға 125 миллиард теңге бөліп отырмыз. Қаражат негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, жылу, су құбырларын жөндеуге бағытталатын болады, – деді Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімі өз сөзінде қаңтар-қараша айларында ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,8 пайызға төмендегенін айтып, оны биыл 7 пайызға көтеру керектігін тапсырды.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.