Облыс әкімі Ерiк Сұлтановтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында 2016 жылдың 9 айындағы өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық көрсеткiштерi баяндалып, суармалы егістікті дамыту, жастар саясаты және “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.
Облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпованың айтуынша, бiздiң облыс тұтыну бағасының индексi жөнінен республиканың 16 өңірі арасында 2-ші орында, құрылыс көлемiнiң өсу қарқыны бойынша 4-ші сатыға жайғасқан. Жедел статистикалық ақпаратқа сүйенсек, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында құрылыс жұмыстарының қарқыны 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру 6 пайызға артқан. Мұнымен қоса, ұн үгу – 36,9, ұзақ уақыт сақталатын кондитерлiк өнiмдер – 20, сүт өнiмдерi – 7,2, жануарларға арналған жемазық өндiрiсi 3,7 пайызға көбейген. Облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов бұл көрсеткіштердi төмендетпей, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеу жұмыстарының қарқынын ширата түсуді тапсырды.
Суармалы жерлердi қалпына келтiру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнiнде жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелдi Кәрібаев баяндады. Бүгiнгi таңда өңiрде 2717 гектар суармалы алқап бар. 2018-2020 жылдар аралығында 27944 гектар суармалы жердi кезең-кезеңмен қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу жоспарланған. Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылы су шаруашылығы жүйесi мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтiру бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып, жоспар 2018-2020 жылдары жүзеге асырылмақ. Өңiр басшысы аудан әкiмдерiн жоба жүзеге асырылатын жерлердi таңдап, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге міндеттеді.
Жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнiнде облыстық жастар саясаты мәселелерi басқармасы басшысының мiндетiн атқарушы Ирина Тухватулина баяндап, өңір жастарын жұмысқа орналастырудың кешендi шаралары туралы айтып бердi. Оның хабарлауынша, жыл басынан берi жұмысқа орналасу мәселесiмен “Жастар бастамалары орталығы” КММ-ге 306 адам келсе, олардың 165-i жұмысқа орналасқан. Аудан орталықтарына жыл басынан берi 169 өтiнiш түссе, олардың 100-i жұмыспен қамтылыпты. Жалпы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына жыл басынан берi 29 жасқа дейiнгi 2146 адам қатысқан. Жиын соңында Ерік Сұлтанов селекторлық байланыс арқылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының орындалу барысы туралы аудан әкiмдерiнiң есебін тыңдады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.